Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Атырауда 10 балалы отбасының баспанасы суда қалды

AstanaTV
06.11.2014ж. 20:00
1362
Атырауда 10 балалы отбасының баспанасы суда қалды

Атырауда көп балалы отбасының далада қалатын түрі бар. Олардың жалғыз баспанасының төбесінен су сорғалап тұр. Нұрымбетовтер соңғы күндері қайырымды көршілеріне түнеп шыққан. Ескі жатақхананың тар бөлмесіне тығылған 10 балалы отбасы жергілікті биліктен көмек сұрауға мәжбүр болды. Әкімдік өкілдері өз кезегінде заңға сілтеп, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға жеңілдіктер қарастырылмағанын айтады. Базаргүл Нәдірқызы толықтырады.

«Алтын алқа» иегері Жанаргүл Нұрымбетова үш күннен бері бөлмесін судан құрғатып үлгере алар емес. Балалары күндіз дымқыл тартқан үйде отырады, ал кешкісін көршілерін жағалап, қонатын жер іздеуге мәжбүр. Бұл бөлме де отбасына тиесілі емес. Туыстары уақытша тұруға берген. Баспананың төбесін жазда отағасы жамап-жасқап қойған еді, бірақ оның пайдасы шамалы болып тұр.

Жанаргүл Нұрымбетова, көп балалы ана:

Қазір осы кешегі жауыннан кейін қатты ағып кеті. Түнімен су тасумен, балалар ұйықтаған жоқ. Кішкентай жерде отырдық, жан-жақтан бәрінен су ағып жатыр. Кеше таңертең төбеге шығып, қардың бәрін тазаладық. Соның өзінде бойындағы судың бәрі ағып тұр.

Тұрғындардың айтуынша, жатақхана иесіз. Пәтер иелері кооперативі жасақталмаған. 2020 жылға дейін сүрілетін апатты үйлердің тізімінде де жоқ. Іргесі қаланғанына 30 жыл болған жатақхананың бүгінгі сиқы осы. Төбеден аққан су төменгі қабаттарға жеткен. Мұндағы 60 отбасы электр желісінен от шашырайтынынан қауіптенеді. Әсіресе балалардың күйі кеткен.

Зәуре Әделбаева:

12 адамға 1 бөлменің ішінде тығылып, кешеден су кетіп жатыр. Кешеден бері жылап жатыр. Балаларын қолтықтап. Су кетіп жатыр. Коридорымызға кетпегесін, 3-4 баласын қасыма алып жаттым.

Нұрымбетовтар пәтер жалдауға қауқарсыз. Жалғыз отағасының табысы ішіп-жемнен артылмайды. Жеті қыз, үш ұлдың аузынан жырған ақша ешбір жыртыққа жамау болар емес. Оның үстіне көп балалы отбасын пәтеріне ешкім жолата бермейді. Баспаналы болу отбасының басты арманы. Бірақ атқамінерлер пәтер тек кезекпен беріледі дейді.

Кенжегүл Мұсағалиева, Атырау қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы:

Әлсіз топтарға жататын отбасылар тізіміне 2012 жылдың 6 қыркүйегінен бастап тіркелген. Бүгінгі күні реттік саны 2447. Аталған заңның 74 бабына сәйкес, тізімге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылғандықтан, Жанаргүл Нұрымбетова кезегіне сәйкес қанағаттандырылады.

Осыдан 2 жыл бұрын Нұрымбетовтер отбасы 3270-ші болып тізімге ілінген. Содан бері 823 орынға жылжыпты. Әкімдік өкілдері көп балалы отбасының қай жылы баспаналы болатынын дөп басып айта алмады. 10 балалы отбасының енді тар бөлменің шатырын бітеп, кезек күтуден басқа амалы жоқ.

Базаркүл ІЗІМОВА