$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Атырау облысында Бергей Рысқалиевтың сыбайластарына қатысты сот үкімі шықты

AstanaTV
14.11.2014ж. 20:00
1261
Атырау облысында Бергей Рысқалиевтың сыбайластарына қатысты сот үкімі шықты

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың сыбайластарына қатысты қаңтардан бері жалғасқан сот процесіне бүгін нүкте қойылды. Десе де, үкім басты фигуранттарсыз - экс-әкім мен оның туған бауыры Мәжілістің бұрынғы депутаты Аманжан Рысқалисіз оқылды. Судья Гүлмира Дәулетова ағайынды Рысқалиевтермен бір топта қылмыс жасағаны үшін айыпталған 22 адамның 15-іне бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 


Ең ауыр жаза бұрынғы әкімнің қос орынбасарына кесілді: Болат Дәукенов 15, ал Асқар Әбдіров 12 жылға сотталды. Облыс тарихындағы ең даулы, әрі ауқымды істі тергеу 3 айға, ал сотта қарау 11 айға созылған болатын. Айта кетейік, айыпталушылар қатарында: Рысқалиевтың қос орынбасары, Атырау қаласының бұрынғы әкімі, бірнеше басқарама басшылары мен кәсіпкерлер бар.

Бүгін ертемен Атыраудағы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соттың алды қарбаласқа толды. Аймақтағы атышулы істің аяқталуын айыптаушылар мен олардың туыстарынан өзге бүкіл облыс халқы іштен тынып күтіп отыр.

50 адамға шақталған тар залда ине шаншар жер жоқ. Залға кіре алмағандар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге дәлізге қойылған монитордан көруге мүмкіндік алды. Айыпталушылар өздерін барынша сабырлы ұстауға тырысты. Дегенмен жүздерінен алаңдаушылықты да байқалады. Бәрінен бұрын қолдауға келген отбасы мүшелерінің дегбірі қашқан. 8 ай тергеу мен 11 айға жалғасқан процестің үкіміне елеңдеді. Сот көп күттірмеді. Судья Гүлмира Дәулетова шешімді бірден оқыды.

Гүлмира Дәулетова, Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Болат Дәукеновті 15 жыл бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызметте 7 жылға тағайындауға болмайды. Асқар Әбдіровті кінәлі деп санап, 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, дүние-мүлкі тәркіленсін. 7 жыл мемлекеттік қызметке тағайындалмайды.

Бергей Рысқалиевтың қос орынбасары да жазаларын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болды. Осы уақытқа дейін үй қамақта жүрген екеуі де сот залынан қамауға алынды. Жалпы 22 адамның 15-і 2 жыл 6 ай мен 15 жыл аралығында бас бостандықтарынан айыру жазасын арқалады. Ал өзіне тағылған айыппен келіспей, аштық жариялап, үй қамаққа қол жеткізген Гүлмира Әзбергеноваға тағылған айыптар дәлелденбеуіне байланысты ақталып шықты. Тағы 3 сотталушының жазасы кәмелеттік жасқа толмаған балаларының болуына байланысты мерзімін өтеу кейінге шегерілді. Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның екі жылдан астам уақыт қамақта болғанын ескерсек, демек аз уақытта бостандыққа шықпақ. Оны естіген туыстары қуанышында шек жоқ.

Туыстарына тағайындалған жазаға бірі қуанып, құттықтап жатса, енді бірінің етектері жасқа толды. Сот оларды ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, 42 млрд теңге мемлекет қаржысын талан-таражға салған деп таныды. Сот залында жалпы 8 адамның қолына кісен салынды.

Естеріңізге сала кетейік, қылмыстық іс биылғы жылдың қаңтарында басталды. «Көпір салу», «нысандарды жекешелендіру», «Газ жүргізу», «Баспана салу» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда ұйымдасқан топ ақша жымқырды деген айып тағылды. Жалпы іс 12 топтама бойынша жүргізілді. Қылмыстық істің көлемі 777 том. Ал үкімнің өзі 10 том, яғни екі мыңға жуық парақтан тұрды. Оны судья үзіліссіз жергілікті уақыт бойынша таңғы 10-нан кешке дейін оқыды. Ал қылмыстық топ құрып, мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін айыпталған басты фигурант Бергей Рысқалиев пен оның ағасы экс-мәжілісмен Аманжан Рысқалиге халықаралық іздеу жарияланғаны мәлім.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ