$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Сирияның Кобани қаласына Ислам мемлекеті содырларының басып кіргеніне 60 күн өтті

AstanaTV
12.11.2014ж. 20:00
1859
Сирияның Кобани қаласына Ислам мемлекеті содырларының басып кіргеніне 60 күн өтті

Сирияның солтүстігіндегі Кобани қаласына Ислам мемлекеті содырларының басып кіргеніне 60 күн өтті. Өңірдегі атыс-шабыс әлі толастамай тұр. Бала-шаға, қарт-қарияны қынадай қырған террорларға тосқауыл қою үшін, АҚШ-тың әскери ұшақтары да әуден жиі атқылауда. Террорлық топтың бетін қайтару қиындық туғызып отыр. Аталған ұйымға қарсы Америка, Ұлыбритания елдері бастаған коалиция құрылған болатын. Бұл одақтың қатарына Түркия да қосылды. Алайда түрік үкіметі Кобанидегі содырларға қарсы әскер жіберуге асығар емес. Дегенмен, іргелес жатқан аймаққа соғыс техникаларын апарып, қорғанысын күшейтті. Ал жергілікті күрдтер бұл ұстанымына көңілі толмай, көтеріліс ұйымдастырды. Әрі қарай Түркиядағы тілшіміз Самат Сүлей тарқатады.

Кобанидегі қазіргі ахуал осы. Қаланы жергілікті күрдтер мен Ислам атын жамылған содырлар бөлісе алмай әлек. Негізгі ниет-мақсатын туының түсі арқылы тұспалдаған лаңкестер Кобани қаласына қарасты бірнеше елді мекенді басып алды. Соңғы елу күнде шаһарда қаншама қан төгіліп, мыңдаған жазықсыз жан қырылды.

Әлихан Хасаноглұ, Таяу Шығыс бойынша сарапшы:

Ислам мемлекеті Иракта құрылып, Сирияда күш жинады. Қазірде қанатын кеңге жаюда. Қолдарында жойқыны қатты әртүрлі соғыс қарулары бар. Мәселен, Ирактағы қақтығыста елдің қарулы күштерінен тұратын армияға еш беріспеді. Тіпті араға АҚШ араласып, әскери ұшақтармен атқылап шегіндірді. Енді, міне, Кобаниді нысанасына алды. Бұлар өзі адамзат баласын аяуды білмейді. Кездескеннің барлығын ол бала ма, қарт па деп қарамайды. Жауыздықпен өлтіреді.

Лаңкестердің зұлымдығына шыдамаған Кобани халқы үй-күйін тастап, бала-шағасымен жер аударуға мәжбүр болды. Ең жақын, әрі қауіпсіз деп көршісі Түркияны паналады. Қарсылық танытпаған бұл ел босқындарға арнайы шатыр тігіп, шекарадағы аймаққа орналастырды. Жалпы Кобаниде этникалық күрдтер көп шоғырланған. Тиісінше террорлардың қолына қаза тапқан және соларға қарсы соғысып жатқандар да осы ұлттың өкілдері. 

Ахмет Махмұд, Кобани қаласының тұрғыны /Сирия/:

Біздің алдымызда екі ғана таңдау тұрды. Отанды тастап қашу немесе бейбіт елді қырып жатқан лаңкестермен соғысу. Әрине, жер қорғап, қарсы тұруға дайынмын. Алайда мына екі баламды, ата-анамды, әйелімді бұл жаққа кім жеткізеді, кім қорғайды? Өйткені әркім өз басымен қайғы кешіп жүр. Ислам атын жамылған ол жауыздардың қорлығынан сақтасын құдай. 

Кобаниде атыс-шабыс басталған тұста Анадолы еліне 190 мыңнан аса босқын келді. Сондай-ақ, жүктерін түйіп отырған 200 мыңы тағы бар. «Оларды да қабылдауға дайынбыз», - деді түрік үкіметі. Ал Түркиядағы күрдтер ресми Анкараның Сирияға қатысты саясатына көңілі толмай, ереуілге шықты. Олар Түркиядан Кобанидегі күрдтерді Ислам мемлекетінің лаңкестерінен құтқаруды талап етті. Тіпті кейбір күрд жастары қолымызға қару берсе, Сирияға өзіміз аттанамыз деді. 

Түркияның шығысында басталған наразылық шарасы елдің бірнеше қаласында қарулы қақтығыспен жалғасын тапты. Диярбақыр, Адана секілді қалаларда коменданттық сағат жарияланып, көшедегі көтеріліс 10 күнге созылды. Түбінде 40 адам көз жұмды. Ереуілшілер 37 елді мекеніндегі 2039 ғимаратты қиратып, 2 жарым мыңдай көлікті өртеп жіберген. Ал ел президенті Реджеп Тайып Ердоған Түркия Кобанидегі мәселеге араласпайтынын мәлімдеді. Дегенмен, елге келген босқындарға әрқашан есік ашық деді.

Бостан Джемилоглұ, Таяу Шығыс бойынша сарапшы:

Бүгінде Түркиядағы босқындардың ресми саны 1,5 млн дейді. Бірақ шындығында 2 миллионнан асады. Олар тек Сириядан ғана емес, кезінде Ирактан да келді. Иә, үкімет бұларға жәрдем көрсетіп, барлығын қабылдауда. Алайда бұл да ертең проблема болуы мүмкін. Жататын жері, күн көрісі қалай болмақ? Өйткені олар бір-екі айда, тіпті бір жылда қайтпайтындары анық.

Елдегі саяси партиялар дәл осы мәселені жиі сынға алуда, яғни миллиондаған адамды бағып-қағуға миллиардтаған түрік лирасы жұмсалатынын айтып, елдегі босқындардың ертеңіне алаңдайды.

Самат Сүлей:

Көрші елден келген босқындар басым көпшілігі Ыстамбұлға қарай ағылады. Ал бұл жақта екі қолға бір күрек алып, еңбек етіп жатқан ешқайсысы жоқ. Тепсе темір үзетін жігіттер де бұрыш-бұрышта алақан жаюға мәжбүр. Осылайша, қаладағы қаптаған қайыршылар жергілікті халықтың наразылығын туғызуда.