$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Маңғыстау облысындағы денесін түк басқан балақайға көмек қажет

AstanaTV
14.11.2014ж. 20:00
2535
Маңғыстау облысындағы денесін түк басқан балақайға көмек қажет

Маңғыстау облысында денесін түк басқан балақай өмір сүреді. 11 жастағы Бекзат Тәжіханға «атавизм» диагнозы қойылған. Бұл дертті емдеуге жергілікті медицина қауқарсыз. Баланы елордадағы ірі клиникаларға апарып, мамандарға көрсету керек дейді ата-анасы. Алайда қарапайым отбасы қаржы жағынан қысылып отыр. Ал Бекзаттың дерті күннен күнге асқынып барады.

11 жасар Бекзат камераға түсуден қашқақтап, ұялып отыр. Туғанынан түкті болып өскен бала сырт көзден, таңырқаған жұрттың назарынан шаршаған. Көзін жасырып, мазақ болудан сақтанғандай сыңай танытты.

Бекзат Тәжіхан:

Автобуста жиі қарайды маған. Сондықтан ұялып теріс қараймын.

Бекзаттың анасы аяғы ауыр кезде ісік және қан қысымы сырқаттарымен ауырған көрінеді. Салдарынан іштегі шарана өспей, 1 келі 800 грамм болып дүниеге келген. Ал дәрігерлер дерттің себебін ағзадағы генетикалық жүйенің ауытқуымен байланыстырып, «атавизм» диагнозын қойған. Бұдан кейін балаға Алматыдағы Ақсай клиникасына квота беріліп, емдеуге жіберілген. Алайда, еш нәтиже жоқ.

Айжан Көшенбаева, Бекзаттың анасы:

Көмек болып жатса, осы екі баламды Астанаға не Алматыға барып емдеткім келеді. Адамдардан көмек сұраймын. Қаражатым жоқ, өзім апарайын десем. Осы жерде емдетемін. Бірақ одан ешқандай нәтиже жоқ.

Жеті жылдық тәжірибесі бар генетик Анар Халелова атавизм туралы тек медициналық әдебиеттен оқығанын айтады. Ал Бекзатта дәл осы диагноз екендігіне күмәнданатындығын жасырмады. «Астанадағы «Ана мен бала» орталығында молекулярлық лабораториялар бар. Бұл аурудың негізгі себептерін анықтауға мүмкіншілік береді. Бекзатқа тек елордалық мамандар көмектесе алады», - дейді дәрігер.

Анар Халелова, Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының медицина-генетикалық бөлімінің жетекшісі:

Баланы толықтай тексерістен өткізу керек. Сырқаттың пайда болуының бірнеше түрі бар. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын генетикалық ауру не атавизм болуы ықтимал. Ал дененің белсенді түрде түк басуын біз «гипертрихоз» деп те атаймыз. Алдымен аурудың себебін анықтап барып, емдеу керек.

Бекзаттың кішкентай 2 жасар інісі де сырқат. Бүлдіршіннің миында су мен ісік бар деген болжам жасалған екен. Ал әкесі - екінші топтағы мүгедек. Тұрақты жұмыс істемейді. Тапқан ақша балалардың дәрі-дәрмегінен аспайды. Қожаевтар отбасы таныстарының көмегімен банкте есепшот ашқан. Қол ұшын созамын деген азаматтардың көмегіне үмітті. Бекзат пен оның інісін Астанаға аттандыру үшін, миллионға жуық теңге қажет.

Жұрағат БАМАН