Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×
Біз біргеміз

Солтүстік Қазақстанда алаяқтардың арбауына түскен тұрғындар жалғыз баспаналарынан қағылайын деп тұр

AstanaTV
12.11.2014ж. 10:00
1542
Солтүстік Қазақстанда алаяқтардың арбауына түскен тұрғындар жалғыз баспаналарынан қағылайын деп тұр

Қызылжарда алаяқтардың арбауына түскен тұрғындар жалғыз баспаналарынан қағылайын деп тұр. Тұрғындар 2012 жылы жатақхана бөлмелерін Жанат Рахметов есімді азаматтан сатып алғандарын айтады. Алайда, сәлден соң үйдің заңды иесі ол емес, шын мәнінде қалалық әкімдік екені белгілі болды. Сатушымен арада жасалған келісім-шарттар заңды күшін жояды. Қаржы полициясы бұл іске қатысты іс қозғап, сот Рахметовты алаяқтық үшін бас бостандығынан айырды. Ал билік тарапы болса, жатақхана бөлмелерін енді қайтарып алмақ.

Бауыржан Бекішев екі жыл бұрын мына жатақханадағы бөлмені туыстарымен бірге тірнектеп жинаған ақшасына сатып алған. Баспананы Руслан есімді азамат 9 мың долларға ұсыныпты. Бағасы қолжетімді болғасын, Бауыржан көп ойланбастан бөлмені иемденген. Алайда, бір аптадан соң техниканы түгендеу бюросы үйдің құжаттарын жалған деп таныған. Осылайша халықты алдап, қалтасын қампитқан азаматтың аты Руслан емес, шын мәнінде Жанат Рахметов екені анықталды. Пысықай сол кезде қалалық әкімдіктің заңгері қызметін атқарыпты. Оның теріс әрекеттерін қаржы полициясы әшкерлеп, қылмыскер 4 жылға темір торға тоғытылды. Ал алданып қалған 5 азамат бақыр тиынсыз қалды.

Бауыржан Бекішев:

Бізге ештеңе төлеген жоқ. Оның атында ештеңе жоқ. Алдында финполдың сол кісілері айтқан да «саған ақшаны алып береміз, үйін, машинасын сатамыз» деп. Сосын бір-екі жұмадан кейін қайта шақырғанда айтты олар «атында түк те жоқ екен» деп. Енді сот шешеді деп. Енді 2 жыл соттасып жатырмыз. Әлі ештеңе шықпай жатыр. Енді акимат шықты «біздікі» деп.

Енді опық жеген тұрғындардың далада қалатын түрі бар. Себебі, үйдің заңды иесі - қалалық әкімдік, жатақхана бөлмелерін қайтарып алмақ. Ал бұқара не істерін білмей дал.

Вера Зинкевич:

Мен үйді сатып алғаннан кейін, маған қаржы полициясы пәтердің ұрланғанын айтты. Сонда мен бұл бөлмені тергеу жүріп жатқан кезде сатып алыппын. Біз әкімдіктен «неге дер кезінде басқа мекемелерді ескертпедіңдер» деп сұраған кезде, олар бізге «бұл бір күндік жұмыс емес» деп жауап берді.

Марина Кузнецова:

Бізге берілген үйдің құжаттарында шынайы мөр қойылғаны белгілі болды. Маңызды құжаттарға алаяқтар мөр басып жүрген кезде, осыған жауап беретін әкімдік қызметкері ай қарап жүрсе керек. Сот өкілдері оны жауапқа тартқан жоқ.

Жергілікті билік «жатақхана бөлмелері босатылсын» деп, сотқа жүгінді. Ал өтемақы мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Бүгін сотқа келген әкімдік өкілі пәтерлерді қалай да қала меншігіне қайтаруды көздеп отырғандарын мәлімдеді.

- Так по постановлению они признаны коммунальной собственностью, хотим вернуть обратно в коммунальную собственность.
- А людей?
-
Но это пусть, претензии к продавцам, кто вам продавал эти квартиры.

Бүгін сот процесіне дейінгі тыңдалым өтті. Ал сот отырысы қарашаның 27-нде басталмақ. Мәселенің қисынын енді төрешілер береді.

Абзал ҚҰРМАНКИН