$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Алатау бөктерінде төтенше жағдайлар департаментінің арнайы республикалық жаттығуы өтті

AstanaTV
13.11.2014ж. 13:00
1228
Алатау бөктерінде төтенше жағдайлар департаментінің арнайы республикалық жаттығуы өтті

Елімізде жалпыреспубликалық «Қыс-2014» оқу-жаттығу шарасы бастау алды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінде 8 мыңға жуық құтқарушы мен 2600-ден астам техника жұмылдырылған. Қыс бастала сала құтқарушылардың қызметі қауырт болатыны белгілі. Әсіресе, таулы шатқалдары көп, қар көшкіні жиі болатын Алматыда құтқарушыларға сақадай сай дайын болуы абзал.

Сондықтан, Төтенше жағдайлар департаменті алдын ала Алатау бөктерінде арнайы республикалық жаттығу өткізді. Таудан құлаған қар қаншалықты қауіпті және одан қалай сақтану керектігін Берік Хасенов біліп қайтты.

Жаттығудың бас сценариі бойынша Медеу шатқалында қар көшеді. Қарқыны қатты көшкін кесірінен 6 альпинист қалың қар құрсауында қалып қойған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар бірден иттердің көмегіне жүгінді. Олар қар астында қалғандарды тапты, зардап шеккендер дереу қазылып, жедел жәрдемге жеткізілді. Әр секунд санаулы болғандықтан, оларды тез арада медициналық қызметке жеткізу қажет.

Ең қиыны - таудың басында қалған адамдарды табу болды. Ол жерге техника бару былай тұрсын, жаяу адам әрең жетеді. Адамдар табылғанымен, жаралы жандарды төмен түсіру оңайға соқпады.

Құтқарушылардың жұмысын бақылаған біз үшін бір анығы - адамның өмірін аман алып қалуда иттердің көмегі зор екен.

Руслан Оспанәлиев, Алматы қаласы құтқару қызметінің құтқарушы-кинологы:

Итке бағытын беріп отыру қажет. Оңға-солға, деп айтып. Қар көшкіні болған жерге мен кинолог ретінде бара алмаймын, себебі, ол қайта қайталануы мүмкін. Сондықтан, біз иттерді қолданамыз. Біздің қарамағымызда 5 иісшіл ит бар. Соның бесеуі де жақсы жұмыс істейді.

Бұл жаттығуға 75 құтқарушы және 18 арнайы техника жұмылдырылды. Құтқарушылармен қатар техниканың қызметі сыналды. Тәртіп сақшылары қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, техниканың көмегімен тас жолдар қардан тазартылды.

Ержан Қаңлыбаев, Алматы қаласы құтқару қызметі директорының орынбасары:

Бүгінгі жаттығудың мақсаты - бүкіл құтқару қызметінің және басқа қызметтердің бірлесіп жұмыс жасауын байқау. Қыстың алдындағы дайындықтарын тексеру.

Алатау бөктеріндегі арнайы жаттығу бас-аяғы жарты сағатқа созылды. Құтқарушылар сценарийде көрсетілген қар құрсауында қалған барлық адамдарды аман-есен алып шықты. Алайда мамандар құтқарушыларға арқа сүйей бермей, тауға шығарда адамдарды да абай болуға үндеді.

Берік ХАСЕНОВ