$515.97 €537.8 ₽5.25
×

Қызылорда облысында шағын бизнесті қолдау мақсатында 81 тегін грант берілді

AstanaTV
18.01.2016ж. 20:00
2750
Қызылорда облысында шағын бизнесті қолдау мақсатында 81 тегін грант берілді

Тігін және жиһаз цехтары, наубайхана, қырғауыл мен бөдене асырайтын шағын фермалар. Мұның барлығы Қызылорда облысындағы Жалағаш пен Қармақшы аудандарында іске асатын нақты жобалар. Ал кәсіпкерлікке қадам басып жатқандар қарапайым адамдар: көп балалы және жағдайы төмен отбасылар. Оларға бизнесті бастауға «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының арнайы бағдарламасы аясында тегін грант үлестірілді. 81 ауыл азаматы жаңа жұмыс бастамақшы.

Көп балалы ана Дәмегүл Аяпова отбасындағыларды түгелдей киіммен өзі қамтамасыз етуді ұйғарыпты. Мақсат - жанұяның кірісін үнемдеу. Есесіне, үнемделген қаржыға азық-түлікті молынан алуды әдетке айналдырған. Оның киім үлгілеріне ауылдастары да қызығушылық танытып, тапсырыс бере бастапты. «Киімнен бөлек, көрпелер мен бас киімдерге де сұраныс артты», - дейді Дәмегүл.

Гранттың арқасында, міне, осы машинканы әкеліп алдым, жөрмектейтін машина бұл. Тіккен нәрселерді таза қылып шығарады. Тапсырыс көп, кейде үлгермей қаламын, жетеді тапсырыс. Осы қазақи ою көрпешелер, бесіктің жабулары, көрпе-көрпеше қыздарға, көйлек, бас киімдерді де тігемін. Жазда оқушылардың формасын тігемін.

Дәмегүл 500 мың теңге шамасында грант алған. Оған өндірістік машина мен арнайы үтік алмақшы. Сосын қасына көмекшілер алып, цех ашуды жоспарлап отыр. Оның қолынан шыққан дүние де ауыл халқы үшін қолжетімді.

Айзат Сағызбаева, Ақ арық ауылының тұрғыны:

Біз апаға бесіктің жасауынан бастап, құрақ көрпеше, келіншектің астына төсейтін көрпешесін, шымылдығына - бәріне тапсырыс береміз. Ата-әжелеріміз келіп шапан, құлақшын тіккізеді. Маған тігіп берген көйлегі-сәнді көйлек, тойға арнайы.

Ас үй, жатын бөлмелеріне, балаларға арналған бірегей жиһаздар жасау Рүстембек Оспановтың күні кеше арманы еді. Жалағаш кентінің тұрғыны бүгінде грант иеленіп, енді сүйікті ісімен айналыспақ. 

Рүстембек Оспанов, грант иегері:

Тапсырыс көп болмайтын құрал-жабдықтың болмағандығынан. Мен көбінесе затты қаладан кестіртіп алып келемін алған жерімнен. Сосын үйге келіп құрастырамын. Енді мынау ақша алып жатырмын, грант ұтып. Сол аппараттарды аламын, станоктарды.

Ауылдағыларды қолдауға «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 81 тегін  грант бөліп отыр. Оның жалпы соммасы елу миллион теңгеден асады. Комиссия үш жүзден астам жобаны қарап шыққан. 

Дархан Мырзалиев, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры:

Бұл гранттарды тағайындаудың негізгі мақсаты - ауылдағы ағайынды қолдау. Көпбалалы отбасыларын, жағдайы төмен азаматтарды, жұмыссыздықты жою, бір жағынан. Біздің палатаның Жалағаш, Қармақшы аудандық бөлімшелерінің қызметкерлері кәсіби көмек көрсетіп, осы жобаларды сауатты әзірлеуге көмектерін аямады.

Тегін грант алған жобалардың ішінде тігін, жиһаз цехтары мен наубайханалардан бөлек, қырғауыл мен бөдене асырайтын шағын ферма сияқты үлкен бастамалар да бар. Ауыл кәсіпкерлерінің несібесіне орай, қажетті бастапқы қаражат табылды. Енді олар қолға алған істерін ұлғайтып, ауылдастарын жұмыспен қамтуды мақсат етуі тиіс.

Шарипа САҚТАПОВА