$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Президент көршілес елдермен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен тығыз жұмыс істеуді тапсырды

AstanaTV
13.11.2014ж. 20:00
1341
Президент көршілес елдермен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен тығыз жұмыс істеуді тапсырды

Жұқпалы ауруларға қарсы тұратын диагностикалық құралдар мен дәрілік препараттар өндірісін жолға қою қажет. Бүгін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма берді. Бұл тақырыптың өзектілігін бірқатар фактор, соның ішінде әлемдегі Эбола вирусының таралуына байланысты оқиғалар көрсетіп отыр. «Елімізде жұқпалы, соның ішінде әлеуметтік аурулардың, сондай-ақ сібір жарасы мен бруцеллез секілді жануарларға қауіпті індеттердің ошақтары бар. Оған қоса, Эбола вирусының таралуы сыртқы қатерлерді ұлғайтып отыр. Осы ретте мемлекеттік органдардың жауапкершілігін нақты айқындап, олардың іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз еткен жөн», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент көршілес елдермен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Ал қауіпті аурулар тараған елдерге іскерлік және жеке мәселелермен шығатын отандастарымызды сақтық шаралары туралы ақпараттандыру қажеттігін баса айтты. Қазіргі қалыптасқан ахуал арқаны кеңге салуға себеп болмауы тиістігін, өйткені әлемге есігі ашық Қазақстанның кең ауқымды сауда-экономикалық байланыстары, азаматтардың барыс-келістері елімізге қатерлі індеттердің келу қаупін жоққа шығармайтынын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықтың денсаулығын сақтау деген - мемлекеттің ұдайы алдында тұрған міндеттің бірі. Бұл жұмыс - Ұлттық қауіпсіздік жүйесінің басты бір бағыты. Тікелей ықпал ететін осы жағдайда ішкі-сыртқы факторлар бар. Осының барлығына біз көңіл аударып, жұмыс жасауымыз керек.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ