$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыдағы колледждердің бірінде граната жарылып, 1 адам қайтыс болды

AstanaTV
17.11.2014ж. 13:00
1309
Алматыдағы колледждердің бірінде граната жарылып, 1 адам қайтыс болды

Алматыдағы сән және дизайн колледжінде жарылыс болып, 1 адам қаза тапты. Тағы 8 адам зардап шеккен. Қайғылы оқиға бүгін сағат 9 -да алғашқы әскери дайындық сабағында орын алды. Белгілі болғандай, оқу-жаттығу гранатасы әскери жарылғыш зат болып шықты. Оның оқу ордасына қалай жеткені әзірге белгісіз.

Осы сағаттарда колледж орналасқан Райымбек пен  Полежаев көшелерінің қиылысы қоршауға алынды. Бас-аяғы 60 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Ресми емес деректерге сәйкес, колледж шәкірттері ұстаздың жақында ғана жұмысқа тұрғанын айтқан. Ол да дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. Колледжге шұғыл жеткен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов төтенше жағдайдың себептерін жылдам анықтау мақсатымен арнайы комиссия құруды тапсырды. Оған әкім орынбасары Юрий Ильин жетекшілік етуде. Сондай-ақ, Ахметжан Есімовтың тапсырмасымен денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайын ерекше бақылауға алды.

Қала басшысы қаза тапқан қыз баланың туған-туыстарына көңіл айтты. Қазір аталған іс бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Бірі - «жарылғыш затты сақтау», ал екіншісі - «абайсызда адам өлтіру» баптары.  Дәл қазір оқиға орнында біздің меншікті тілшілеріміз де жұмыс істеп жатыр. Істің анық-қанығын қорытынды жаңалықтарымызда тарқататын боламыз.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА