Мерзімінен бұрын сайлау
өткізуді қолдайтын мүгедектер құқығын қорғайтын ұйым өкілдері сайланатын
депутаттар арасында мүмкіндігі шектеулі жандардың да болғанын қалайды.
Бұл туралы бүгін Алматыда
арнайы баспасөз мәслихатында Республикалық мүгедектер ұйымдары одағының
жетекшілері мәлімдеді. Олар өз араларында заң актілерін әзірлеуге және арнайы
әлеуметтік қызмет ұсыну бағдарламаларын жасауға белсене қатысатын жоғары
білімді мамандардың бар екенін айтты. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 627 мың
жарымжан адам бар.
Әли Аманбаев, Қазақстан
мүгедектері ұйымдары одағының төрағасы:
Былтыр 20 ақпанда ҚР Президенті
«Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенцияны бекітті. Былай айтқанда,
ратификациядан өтіп, заңына қол қойды. Енді біздің Үкімет біраз міндеттемелер
алды. Соның ішінде конвенция мүгедектерді үкіметтің атқарушылық және заң
шығару орындарының жұмысына белсенді қатыстыруға шақырылған.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ