$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Болат Палымбетов: Үкіметке сеніп, арзан үй аламын деу дұрыс емес

AstanaTV
18.11.2014ж. 20:00
1480
Болат Палымбетов: Үкіметке сеніп, арзан үй аламын деу дұрыс емес

«Үкіметке сеніп, арзан үй аламын деу дұрыс емес». «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры басқармасының төрағасы Болат Палымбетовтің пікірі осылай. Астанада «ЕXPO-2017» көрмесі қарсаңында қолданысқа берілетін «Жасыл орам» кешеніндегі тұрғын үйде пәтер шаршы метрі 2 мың доллардан асады. «Құрылысқа тың технологиялар қолданылатын болғандықтан, «Жасыл орамдағы» үйлер арзан болмайды», - деді Палымбетов.

Оның айтуынша, «құрылыс саласында Қазақстан кеңестік кезеңдегі стандарттардан кетіп, еуропалық стандарттарға көшуі» керек. Ал жаңа стандарттар бойынша салынған баспана құны төмен болмасы анық деген пікірде. Астанадағы «Жасыл орам» жобасының құны 44 млрд теңге. Тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттарды қоса есептегенде, кешеннің ауқымы 180 мың шаршы метр болады.

Болат Палымбетов, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы:

Түгел Үкіметтің бағдарламасы бойынша үй мәселесі шешілмейді. Жеке құрылыс болу керек, бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек. Тек қана Үкіметке сеніп, үйде жатып, арзан үй аламыз деген ой дұрыс емес. Қазіргі күнде, шынын айту керек, енді арзан үй болмайды.

«Самрұқ-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры бір кездері алданған үлескерлердің мәселесін шешіп, бел ортасынан қаңтарылған құрылысты жалғау үшін құрылған еді. Содан бері қор тарапынан үлескерлер үшін 1 млн шаршы метрге жуық үй соғылды. Ал бүгінде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асырумен шұғылдануда. Қор осы уақытқа дейін екі мыңнан астам пәтерді қолданысқа берген. Ал 2016 жылдың соңына қарай тағы 600 мың шаршы метр көлемде баспана тапсырмақ. Бұл үйлер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына арналмаған. Оларға тек орта табысты, яғни төлем қабілеті жоғары азаматтар ғана қол жеткізе алады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ