$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Қарағандыда коммуналдық дау ушықты

AstanaTV
19.01.2016ж. 20:00
2014
Қарағандыда коммуналдық дау ушықты

Қарағандыда коммуналдық дауға нүкте қойылар емес. 35 жеке меншік үй қожайыны пайдаланбаған жарық үшін ақша төлеуден бас тартып отыр. Электр қуатымен қамтамасыз етуші компания болса, жоғалған жарыққа тек тұрғындар ғана жауапты дейді. Мәселенің мән-жайын Айжан Қуаш біліп қайтты.

Сергей Козырев - осы аудан тұрғыны. Электр жарығының ақысын тұрақты төлейді. Белгісіз біреулер ұрлап алған жарыққа босқа ақша шашып жүргенін білісімен, төлеуден бас тартқан. Есесіне қарыз қордаланыпты.

Сергей Козырев, «Панель-Центр» ықшам ауданының тұрғыны:

Үйімдегі есептегіш құрал арқылы айына 14 127 теңге төлеймін. Оның сыртында түбіртекте «жалпы шығын» деп 20 891 теңге көрсетіледі. Бұл өте көп. Қайдан шыққан ақша? Соңғы кезде төлемей қойып ем, қарызым 437 мыңға жетті. «ҚарағандыЖылуСбыт» өндіріп алу үшін сотқа беріпті. Мен оларға өзім пайдаланбаған электр қуаты үшін неге қарыздар екенімді түсінбеймін. Ұрыларды неге таппайды?

Тұрғындардың айтуынша, «ҚарағандыЖылуСбыт» адам тұрмайтын үйлерден де ақша өндіріп алуға әрекеттеніп жатыр. Сұлтан Мәмбеков электр қуатын мүлдем пайдаланбаған ғимарат үшін  қарыздар болып қалған.

Сұлтан Мәмбеков, «Панель-Центр» ықшам ауданының тұрғыны:

Бұнда ток та жоқ. Жалпы сетьтен ажыратылған, ішінде ешкім тұрмайды. «ҚарағандыЖылуСбыт» шоттарын жібереді. Ананы-мынаны төлете береді. Біреудің шығынын неге төлетеді? Мұндай бассыздықтан шаршадық. 

2012 жылы Панель Центр ықшам ауданының тұрғындарынан құрылған бастама топ ортақ желідегі «жалпы шығынды» бөліп төлейміз деп келісімшарт жасасқан. Алайда, арты осындай үлкен дауға айналды. «ҚарағандыЖылуСбытпен» 10 рет соттасқанмен, бірде-бір рет жеңіске жете алмады. «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы болса, монополистің әрекеті заңсыз екеніне сенімді.

Ирина Фурсова, «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің заңгері:

«ҚарағандыЖылуСбыт» белгісіз біреулер ұрлап алған электр жарығының ақысын төлетіп алмақшы. Сөйте тұра, ешбір есеп, сараптама жоқ. Оның үстіне сот сараптама жасатуға, процеске энергетика саласын қадағалаушы мемлекеттік орындардың қатысуына рұқсат бермей қойды. Біздің деректеріміз мүлдем ескерусіз қалды.

«ҚарағандыЖылуСбыт» тұрғындардың жайына қанық. Компания директорының айтуынша, ықшам ауданының желісі иесіз болғандықтан, ол тұрғындардың ортақ меншігі саналады. Әрі жарықты ұрлаушыларды іздеу монополистің міндетіне жатпайды.

Рустам Ахметов, «ҚарағандыЖылуСбыт» ЖШС директоры:

Ысырап болған электр қуатын кімнің қанша төлейтінін бастама топ шешеді немесе жалпы шығын ықшам аудандағы 35 үйге бөлінеді. Бұл мәселені шешудің екі-ақ жолы бар. Бірі, қараусыз қалған электр желісін белгілі бір энергетикалық компанияның қарамағына беріп, сол қадағалауы тиіс. Екіншісі, тұрғындар өздері ортақ есептегіш құрал орнаттырып, есептеулері тиіс.

Ал тұрғындардың әрқайсысы монополистпен жеке келісімшарт жасасқысы келеді. Құзыретті мекемелерден бірнеше жылдан бері шешілмеген дауды қадағалауға алып, толық тексеруді сұрайды.

Айжан ҚУАШ