$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Шығыс Қазақстан облысында радиоактивті қалдықтарды тұрғындар тасып кетіп жатыр

AstanaTV
21.11.2014ж. 20:00
1289
Шығыс Қазақстан облысында радиоактивті қалдықтарды тұрғындар тасып кетіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында бүтін бір елді мекен тұрғындары аула мен бау-бақшаларын дозиметрмен аралап жүр. Экологтар мен прокурорлардың «жер астында радиоактивті материалдар бар» деген хабары тұрғындарды селт еткізді. Жергілікті халық бұрынғы зауыттың орнында қазба жұмысын жасауды әдетке айналдырған. Табылған металлдарды жұртшылық шаруашылыққа пайдалануда.

Павел Паянин қолына құрылғысын алып ауланы шарлап шықты. Дозиметр радиацияның әдеттегіден жоғары екенін айқын көрсетіп тұр. Ал көрші Маргарита Захарова алма ағашының түбі қауіпті дейді.

Там дальше глубже находится что-то, что дает повышенный радиационный фон.

Радиация туралы ақпар Первомайский ауылының тұрғындары арасында дүрбелең туғызды. Бұрынғы зауыттың шекарасын көрсететін белгі немесе қоршау жоқ. Сол себепті бұл жерге мал жайылып, астынан темір қазылып алынуда.

Павел Паянин, Первомайск ауылының тұрғыны:

Бұл жерде тұрған дұрыс па, дұрыс емес пе, білмеймін. Денсаулығым үшін алаңдаймын. Айналаның барлығы радиацияға толы болса, не істеу керек?

Радиоактивті үйінді кеңестік кезеңдегі екі зауыттан қалған. 90 жылдарға дейін бұл жерде қауіпті кен өндірілетін. КСРО тараған соң, кәсіпорынның жұмысы түбегейлі тоқтады. Алайда, қаңыраған қабырғалар мен радиоактивті қалдық тазартылған жоқ.

Александр Акулов, Шемонаиха ауданының прокуроры:

Біз тұрған жерде бағана орналасқан. Бірақ бұл жерде қоршау болуы тиіс. Ол жоқ. Соңғы рет 2010 жылы қоршау жасалған. Алайда, күзет болмағандықтан, барлығын ұрлап кетті. Сол себептен тұрғындар аумаққа еркін кіріп радиоактивті қалдықтарды жер бетіне шығарып жатыр.

Мәселені шешуге мемлекеттен арнайы қаржы бөлінген. Алайда, оның қайда кеткенінен жұрт бейхабар. Әзірге қауіпті полигон үшін жауапкершілікті аудан басшылығы өз мойнына алды. Күзет қоямыз деп уәде берді.

Ілияс Түрнияз, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

Аумақты қоршауға алып, осы мәселені шешу үшін, барымызды саламыз. Сонымен қатар жеке тұлғаларды қауіпті жерге өткізбеуге тырысамыз.

Тұрғындар радиация көрсеткішін өз бетімен өлшеп жүр. Ал полигоннан табылған металлды олар тұрмыстық қажеттілікке пайдалануда. Кейбірі баспанасының шатырын да осы темірмен жауып алған. Енді жұртшылық зиянның нақты мөлшерін білу үшін Курчатовтан келетін арнайы мамандарды күтуге мәжбүр.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ