Adv pic
$474.47 €503.51 ₽4.88
×

Қарағанды облысында ауыл әкімі көлік жүргізу құқығынан айырылды

AstanaTV
21.11.2014ж. 20:00
759
Қарағанды облысында ауыл әкімі көлік жүргізу құқығынан айырылды

Жол ережесін бұзудан шенеуніктер есе жіберер емес. Солардың бірі Қарағанды облысы Көкпекті ауылының әкімі. Мамандандырылған әкімшілік соты оны көлік жүргізу құқығынан айырды. Төрағаның айтуынша, кент әкімі қазанның 4-і күні өз басқаруындағы жеке көлігімен жол ережесін өрескел бұзған. Облыс әкімімен кездесуге асыққанын айтып ақталған шенеунік тұтас қос сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып алдындағы жүк көлігін басып озады.

Кемеңгер Имашев, Қарағанды қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы:

Ол жол ережесін бұзып, қарама-қарсы жолға шығып кеткен. Сотта өз кінәсін мойындады. Бір жылға жүргізуші құқығынан айырылды.

Ал ғаламторда қарағандылық жол сақшыларының өрескел әрекеті басылған бейнетаспа жарық көрді. Онда полиция көлігі жүргізушілерге қыр көрсетіп, қасақана жол апатын жасауға шақ қалды. Патрульдік көлікке Теміртау тас жолында жеңіл машинаның озып кеткені ұнамай қалса керек. Айта кетерлігі, бұл экипаж автоәуесқойлардың назарына осымен екінші рет ілініп отыр. Патруль көлігінің Теміртау тас жолында орасан зор жылдамдықпен жүйткігені түсірілген тағы бір бейнеролик қыркүйек айында ғаламторға салынған. Автоәуесқойлар ұйымы полиция экипажын жазалауды сұрап, облыстық ішкі істер департаменті мен ішкі істер министрлігіне шағым жолдады. Бірақ әлі күнге тиісті шара қолданылмай отырған көрінеді.

Руслан Лазута, Қарағанды қаласы автоәуесқойларға көмек беру ұйымының төрағасы:

Нөмірі 142.ҚР.09 деп жазылған. Қарағанды облысы екені анық. Экипаж жүргізушісі қасақана апат жасамақ болып, қорқытып келеді. Мен ондайларды құқық қорғау органдарынан қуып жіберер едім. Соның кесірінен жолда үлкен апат болуы әбден мүмкін еді.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

Қазір аталған фактіге қатысты тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру нәтижесінде шешім қабылданатын болады.

Айжан ҚУАШ