Мемлекет
басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың
жүзеге асырылу барысымен танысты. Бас шаһардың жаңа әкімі Әділбек Жақсыбеков
сәулет және қала құрылысы саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде
баяндады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде Астанада
жүрдек автобус тасымалын іске қосуға мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асыру
жұмыстары жүріп жатыр. Елбасы назарына ұсынылған жобалар қатарында «ЭКСПО-2017»
халықаралық көрмесіне орай салынатын нысандар мен жаңа теміржол вокзалына
тартылатын жолдардың жобасы да бар. Мұнан бөлек Елордадағы жылу магистралінің
4-ші және 5-ші кезегін жобалау мен салу, энергетика көздері ғимараттарын салу
мен қайта жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады.
Президент Астанадағы апатты
жағдайда тұрған үйлерді сүру пилоттық жобасын да қарап шықты. Кездесу қорытындысы
бойынша Мемлекет басшысы елорданы бұдан әрі дамыту барысында қаперге алынуы
тиіс маңызды жайттерді ескертті.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА