$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Алматы колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің бұрынғы мұғалімі тұтқындалды

AstanaTV
24.11.2014ж. 20:00
1217
Алматы колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің бұрынғы мұғалімі тұтқындалды

Алматыдағы колледждегі жарылысқа қатысты тағы да бір адам тұтқындалды. Ол осы сән және дизайн колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің бұрынғы мұғалімі Юрий Гавриленко. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі ақпарат құралдарына хабарлады. Белгілі болғандай, колледждің бұрынғы оқытушысы Юрий Гавриленко граната жарылғаннан кейін екінші күні, яғни 19 қарашада ұсталған. Алматы қалалық соты баспасөз хатшысы Қуандық Ешіметтің мәліметінше, тергеушіден күдіктіні қамауға алу туралы өтініш сол күні кешке түскен.

Алмалы қалалық сотының судьясы Марал Жарылғасова заңмен көрсетілген мерзімнің ішінде өтінішті қарап, 21 қарашада Юрий Гавриленконы екі айға қамау туралы санкция шығарған. Тергеу кезінде 2010 жылы Гавриленко Алматыда РГД-5 әскери гранатасы мен түрлі нысандарды жаруға арналған жарылғыш заттарды сатып алғаны анықталыпты. Тіпті қауіпті қару-жарақты колледждің алғашқы әскери дайындық пәнінің материалдық құндылықтар бөлмесіне сақтағаны белгілі болған. Бұрынғы оқытушы осы мәліметтерге қамауға алынды. Бірақ оның бұл қаруды қайдан сатып алғаны нақтыланбаған. Ал жиырмасыншы қарашада колледждегі жарылысқа қатысты екі айға ұсталған Ғабит Қарабалаевтың тағдыры әлі белгісіз.

Қуандық Ешімет, Алматы қалалық соттың баспасөз хатшысы:

Алмалы аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 251-баптың бірінші бабы бойынша, яғни «қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе ұстау» бабымен қылмыстық іс қозғап, Юрий Гавриленконы екі айға қамауға шешім шығарды. Ғабит Қарабалаевты қамауға алу туралы санкцияны біздің сот берді. Бірақ оған қатысты қандай шара қолданатынын Ішкі істер департаменті айта алады. Бізде тек санкция бердік. 

Граната жарылысына қатысты екінші күдікті ретінде ұсталған Юрий Гавриленко, студенттердің айтуынша, 2009-2013 жылдар аралығында колледжде қызмет істеген. Олар бұрынғы пән мұғалімі туралы жақсы пікірде. Күдіктіден тәлім алған жоғарғы курс студенттері оның еш уақытта қару-жарақты, гранатаны қолдарына бермегенін айтады. Дегенмен, Гавриленко туралы пікірлерін камераға айтудан бас тартты. 

Берік ХАСЕНОВ