$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Ресейдің Хруничев орталығы «Протон» шығаруға қаржы жоқтығын хабарлады

AstanaTV
25.11.2014ж. 20:00
1266
Ресейдің Хруничев орталығы «Протон» шығаруға қаржы жоқтығын хабарлады

Ресейдің Хруничев атындағы ғарыштық зерттеулер орталығы «Протон» зымыран-тасығышының өндірісін қаржы тапшылығына байланысты тоқтатуы мүмкін. Орталық басшысы Андрей Калиновский «Ресей-24» мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында бұл ақпаратты растады.

Айтуынша, ракета құрастырушы корпорация қаржылық қиындықтарға тап болды, оған қоса кәсіпорын терең модернизацияны қажет етеді. «Тағы бір алаңдататын жайт - білікті мамандардың жоқтығы», - дейді Калиновский. Ол «Протон» зымыран тасығыштары апаттарының соңғы кезеңде жиі қайталануы көбіне адами факторға байланысты болғанын түсіндірді.

Андрей Калиновский, Ресейдегі Хруничев атындағы ғарыштық зерттеулер орталығының басшысы:

«Кәсіпорын күрделі экономикалық кезеңді бастан өткеруде. Бүгінгі таңда негізгі өнім – «Протон» зымыран-тасығышын өндіруге қаражат жоқ. Орталық жұмысы түбегейлі реформалауды қажет етеді. Әйтпесе коммерциялық ұшырылымның 20% жоғалтамыз. Жүйеміз сыр берді. Жоғары білікті мамандар ағыны кенет тоқтады. Жағдайымыз мәз емес»


Бұған дейін Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев: «Ел «Протон-М» кесірінен абыройын жоғалтты», - деген. Айта өтейік, 2010 жылдан бастап «Протон-М» зымыран-тасығыштары алты рет апатқа ұшырады. Естеріңізде болса, аталмыш апаттардың бірі 2013 жылдың 2 шілдесінде Байқоңыр ғарыш айлағында орын алды. Қоршаған ортаға келтірілген зиянды Қазақстан 13 миллиард теңгеге бағалады. Ресей үкіметі өтемақы төлеуге әзір екенін кешегі жаңалықтарымызда хабарлаған болатынбыз. Алайда өтемақы сомасы нақтыланбады.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА