$485.11 €523.82 ₽5.02
×

«Ақ бұлақ» бағдарламасын орындауда Оңтүстік Қазақстанда өрескел заңбұзушылықтарға жол берілген

AstanaTV
27.11.2014ж. 20:00
1419
«Ақ бұлақ» бағдарламасын орындауда Оңтүстік Қазақстанда өрескел заңбұзушылықтарға жол берілген

Елімізді таза ауыз сумен қарық қылады деген «Ақ бұлақ» бағдарламасын орындауда Оңтүстік Қазақстанда өрескел заңбұзушылықтарға жол берілген. 18,4 млрд теңгені игеруде заңбұзушылықтар анықталған. Бүгін Есеп комитеті Бас прокуратура және Ревизиялық комиссиямен бірлесе отырып жүргізген бақылауының нәтижесін жариялады. Комитет келтірген деректер бойынша, бюджеттен бөлінген 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. 252 елді мекен таза ауыз сумен қамтылмаған. Су құбырларымен қамтамасыз етеді деген жеті жобаның құрылысы жеті жылға созылып кетіп, салдарынан жоба құны қымбаттаған.

Александр Горяинов, ҚР Есеп комитетінің мүшесі:

6 қалалық елді мекен бойынша орталықтандырылған құбыр желісі мен қамту көрсеткіші 41 пайыз. Бұл тиісті нормадан 44 есеге төмен. Ал ауылдық жерлердің тек 2 пайызы қамтылған. Бұл нормадан 10 есеге төмен. Қалалық және аудандық тұрғын үй шаруашылықтарының бюджеттік кодексті бұзу фактілері анықталды.

Дегенмен облыс шенеуніктерінің айтуынша, жағдай сондай мүшкіл емес. Ауыз сумен ауыл халқы 70 пайызға, ал қала 93 пайызға қамтылған. Елді мекендерді таза сумен қамту жағын қиындатып отырған мәселе бюджеттік қаражаттың ысыраптығы емес, өңірде жер асты суларына зерттеу жүргізілмеген. Ал Сарыағаш ауданында жер асты сулары мүлдем жоқ, ол жердің суы тек емдік мақсатта пайдалануға жарамды, деп ақталды өңір басшысының бірінші орынбасары. Және 18 млрд теңгені игеруде заңбұзушылықтар анықталмаған көрінеді.

Берік Оспанов, ОҚО әкімінің бірінші орынбасары:

18 млрд тг бюджетке қайтарылсын деген олардың қорытындысы да жоқ. Есеп комитеті қаулы жобасын берді. Сонда бюджет тарапынан 255 млн теңге ғана қайтару керек. Оның жартысан көбі қайтарылды. Тек 94 млн ғана қалып отыр. 18 млрд теңгенің 12,5 млрд теңге мерзімі созылып іске асырылған жобалар. 5 млдр теңге бойынша мемлекеттік сараптамадан өтпеген жобалар деген. Бірақ олар іске асырылған жобалар ол жерде ауыз су берілді.

Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, ҚР Есеп комитетінің төрағасы:

Оңтүстік Қазақстан облысы өз алдына, заң өз алдына. Авторлық бақылау, техникалық бақылау деген жоқ. Сараптамалар жүргізілмейді. Түркістан қаласында мемлекеттік сатып алу өткізілмей, 1 млрд теңгеден астам сомаға келісім жасалды. Мемлекеттік сатып алу туралы заң кім үшін жазылған? Тендерді біліктілік талаптарына сай келмейтін компаниялар ұтып алған. Және бұл заңбұзушылықтар жүйелі сипат алып отыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын лицензиясы жоқ компания жүргізген. Созақ ауданында су жүйесіне жалпы көлемі 700 млн теңге бөлінді, ал ол жобалар тоқтап тұр. Сонда ол қаржы не үшін берілді?

Айта кетерлігі, заңбұзушылықтарға қатысты материалдар Бас прокуратураға жіберілген.

Айгүл ӘДЕПБАЙ