$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік наградалар табысталды

AstanaTV
15.12.2014ж. 20:00
3039
Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік наградалар табысталды

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күніне орай бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградаларды табыстады. Елбасы қолынан бизнес өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, әскери қызметшілер марапат алды.

Бұл күні Қазақстанның барлық аймағында ерен еңбегімен көзге түскен 48 отандасымызға «Қазақстанның Еңбек Ері» ордені табысталды. Сондай-ақ, 306 азаматқа Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы тапсырылды. Еңбегі жанған жерлестеріміз «Отан», «Барыс», «Парасат» және «Достық» ордендерін де иеленді.

Ақордаға жиналған бас-аяғы 32 адам Елбасының өз қолынан төсбелгі алуға асықты. Алғашқы болып марапатты алу Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваға бұйырды. Оған мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Айман Мұсақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:

Бірінші үлкен орден алдық. Атақ алдық. Соған өте ризамын. Президентке өте үлкен алғыс айтамыз.

Айман Мұсақожаеваның марапаттау рәсіміне ақшыл түсті костюм киюі тегін емес. «Алғаш рет оқу ордасының есігін ашқан тұста Елбасы арнайы келген еді. Сонда да дәл осы түсті кигенмін», - дейді атақты музыкант. Содан бері ашық түсті жақсылыққа жоритын көрінеді. Бүгін Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың де еңбегі еленіп, Президент қолынан «Отан» орденін алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бүгін мен үшін ерекше күн. Себебі сіздің қолыңыздан жоғарғы марапат алу - мен үшін үлкен құрмет, зор жауапкершілік. Сіздің саясатыңыздың арқасында Қазақстанымыз мықты, беделді мемлекетке айналды. Бәріміз Президентіміздің айналасында жұмыла отырып, белсенді тұрде жүмыс істеуіміз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметтің бел ортасында жүрген азаматтар белсенді түрде жұмыс істеуіміз керек.

«Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Тимур Құлыбаевқа І дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Сондай-ақ, жоғары марапатқа «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстанның теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров та лайық деп танылды. Елбасы мұндай марапатты елге адал еңбек сіңірген жандар ғана алатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қандай марапат болса да, ол бекер берілмейді. Жан-жақты сараптап қарап, істеген бұрынғы еңбегі, алда істейтін еңбегі, елге өнеге боларлық жағдайына қарай марапатталады. Жай емес. Осылай барлық халыққа бере алмаймыз. Бірақ та барлық халықтың еңбегі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын! Мереке құтты болсын!

Жалпы Тәуелсіздік күні қарсаңында барлығы 1,5 мың қазақстандық мемлекеттік наградаға ие болды.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА