Елордалық
«Барыс» командасы тағы да ұтылды. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында
Минск қаласының «Динамо» клубына қонаққа барған Андрей Назаровтың шәкірттері
5-2 есебімен есе жіберді. Спорт жаңалықтарын Самат Қанағатов жалғастырады.
Баскетболдан
біртұтас лиганың кезекті турында «Астана» командасы Ресейдің «Химки» клубымен
жолықты. Өткен маусымда Александр Трифуновичтің шәкірттері дәл осы ұжымның
алдын орап кеткен. Бұл жолы да жанкүйерлер астаналық ұжымнан жеңіс күтті.
Алғашқы жарты сағат қорытындысы бойынша командалар терезесі тең өнер көрсетіп,
үзіліске 44-46 есебімен кетті. Тынығып шыққан алаң иелері шабуылын үдетіп, 7
ұпайға ұзап кетті.
Бірақ
қуаныш көпке созылмады. Керек кезде тез жиналып, ойын тізгінін қолына алатын
Римас Куртинайтистің шәкірттері қалған уақытта ұпай санын қысқартып қана
қоймай, жеңісті алаң иелерінен жұлып әкетті. Қорытынды есеп 93-88 «Химки»
клубының пайдасына. Келесі кездесуін «Астана» командасы Минск қаласының «Цмоки»
клубына қарсы өткізеді.
Қазақстан бокс федерациясы биылғы маусым барысында үздік
шыққан спортшыларды марапаттады. Федерация кубогы жолындағы жарыс биыл бесінші
мәрте ұйымдастырылып отыр. Турнирдің жүлде қоры қомақты - 25 млн теңгені
құрайды. Марапаттау салтанатына келетін болсақ. Ерлер арасындағы үздік спортшы
- Данияр Елеусінов. Қыздар арасынан әлем чемпионы - Назым Қызайбай.
Назым Қызайбай,
бокстан әлем чемпионы:
Боксқа
келгелі бері арманым болатын - әлем чемпионы болу. Бұған дейін екі рет қола
алдым. Жалпы келгелі бері әлем чемпионатына дайындалдық десе болады. Алты
жылдан асты.
Үздік
бапкерлер - Мырзағали Айтжанов, Вадим Присяжнюк және Ғалымбек Кенжебаев. Үздік
төреші атағына Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Әлішер Алтаев қол жеткізді.
Самат ҚАНАҒАТОВ