Павлодардағы
Чупрун әулетінің үш бірдей мүшесі туған күндерін мемлекеттік мерекелерде атап
өтеді. Отанасы Марина Чупрунның төл мейрамы Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс
келсе, отағасы Александрдың туған күні - 6 шілде - Астана күніне тура келеді. Ал,
осыдан екі жыл бұрын дүниеге келген ұлдары Самсон Қазақстанның Тұңғыш
Президенті мерекесінде туған күнін атап өтті. Отбасылық думандарды мемлекеттік
мерекелермен ұштастырған керекулік отбасы мүшелерін әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы
да құттықтап қайтты.
Чупрундардың
бүгінгі күні бастан-аяқ жоспарланған. Таңертеңнен бастап ерлі-зайыпты Александр
мен Марина ойын-сауық орталығына асыға жетті. Мақсаттары - отбасы болып
мерекелік көңіл көтеру. Желтоқсанның 16-ы бұл шаңырақта қос мерекемен ерекшеленеді.
Александр
Чупрун:
Бүгін
мен үшін, менің отбасым үшін - ерекше күн. Отбасымызда қос мереке. Жан жарымның
туған күні және еліміздің Тәуелсіздік алған күні. Дос-жарандарымыз, туыстарымыз
келеді. Сөйтіп, бәріміз екі бірдей мерекені атап өтеміз.
Отанасы
– Марина - Павлодардың тумасы. 1983 жылы желтоқсанның 16-сында дүниеге келген.
Ал, 1991-дің аяғында оның төл мейрамы бүтін бір елдің басты думанына айналды.
Содан бері Тәуелсіздік күні ол үшін маңызды мерекелердің бірегейі. Тағдырдың
жазуымен Маринаның өмірлік серігі де мемлекеттік мерекеде туылған. Александрдың
туған күні - 6 шілде. Ал кішкене ұлдарының туған күні 1 желтоқсан Тұңғыш
президент күніне тура келді.
Александр
Чупрун:
Ұлымыз
Самсон туған кезде көптеген құттықтаулар айтылды. Соның ішінде есте қалғаны:
«Президент болсын!» деген тілек. Өйткені балам желтоқсанның 1-нде дүниеге
келді.
Чупрун
әулетінің өзге отбасылардан бәлендей айырмасы жоқ. Марина - тіс дәрігері,
Александр электр инженері болып еңбек етеді. Мемлекеттік мерекелермен
тұспа-тұс келетін туған күндерін ерлі-зайыптылар шаңырақтарында тойлауды әдетке
айналдырған.
Марина
Чупрун:
Бәріміздің
туған күніміз мемлекеттік мерекелерге сәйкес келді. Сондықтан керемет
көңіл-күйде боламыз. Оның үстіне, көшеде де, қалада да халықтық мейрам ұйымдастырылады.
Кейде тіпті, туған күнімізді барша қауыммен бірлесіп, тойлап жатқандай боламыз.
Марина
мен Александр болашақта үбірлі-шүбірлі болуды армандайды. Бірақ балаларының қай
күні дүниеге келетінін жоспарлаудан аулақ. Дегенмен, сәті түссе, шаңырақтың
тағы бір мүшесінің ел үшін маңызды күнде туылуын қалайтындарын жасырмайды.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ