$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Алматыда «Әдемі әуезді азаншы» атты азаншылар сайысы өтті

AstanaTV
22.12.2014ж. 10:00
2407
Алматыда «Әдемі әуезді азаншы» атты азаншылар сайысы өтті

Азан шақырудың жүйріктері анықталды. Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен өткен «Әдемі әуезді азаншы» сайысы мәреге жетті.

Азаншылар жарысы осымен екінші рет өткізіліп отыр. Оған республиканың барлық өңірінен 2 мыңнан астам азамат қатысты. Барлығы да нақышына келтіріп азан айтуға машықтанған жандар. Негізінен мешіттерде имам немесе наиб-имам болып қызмет атқаратын діндарлар сайысқа түсті. Өзіндік мәнері бар, құлаққа жағымды, әуезді дауысты азаншыларға үш жүлде тағайындалған. Жарыстың ақтық сыны жексенбі күні Алматыдағы Орталық мешітте өтті. 13 үміткердің ішінен «Нұр Астана» мешітінің діни қызметкері бас жүлдені қанжығаға байлады. Жеңімпазға Мүфтият тарапынан Үлкен қажылық сапарына жолдама сыйға тартылды.

Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

Мына арабтың стилінде емес ерекше қазақы мақаммен айтқан азаншыға мән берілді. Бұл азан айту мұсылман үшін бір сүннет. Сондықтан, біз осы жағын ынталандыру үшін алты жыл өткенде екінші рет осы сайысты ұйымдастырсақ деп шештік. Өте қызықты, әрі тартысты өтіп жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ