$480.55 €533.75 ₽5.36
×

БҚО-да электр желілерінің үзілуінен төтенше жағдай жарияланды

AstanaTV
22.12.2014ж. 20:00
1191
БҚО-да электр желілерінің үзілуінен төтенше жағдай жарияланды

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Бұдан бұрын хабарланымыздай, электр желілерінің үзілуінен облыстағы 6 ауданда 20 мың ауыл тұрғыны жарықсыз қалған болатын. Төрт тәулік қараңғылық құшағында қалған ауылдардағы ауруханалар мен мектептер дизельді генераторға қосылған.

Облыстағы төтенше жағдай мамандары таратқан ақпаратқа сай, электр сымдарында қатқан мұздың салмағын көтере алмаған 500-ге жуық баған құлап, істен шыққан. Қазір облыста жаңбыр жауып, апат болған ауылдарға арнайы техниканың жетуі қиындаған. Ауа райының қолайсыздығын алға тартқан энергетиктер бүлінген желілердің қашан қалпына келтірілетінін тап басып айта алмауда.

Қуат Мусин, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ директоры:

30 бригадамыз жұмыс істеп келе жатыр. Енді жаңбыр жауып тұр. Мына үлкен, ауыр техникаларымыз даламен жүре алмай келе жатыр. Өте баяу келе жатыр. Осылай тағы екі күн жауса, онда тіпті қиын болады. Ауа райына байланысты.

Электр желілеріне жауапты таратушы компания мамандары қазір келген шығынның есеп-қисабын алуға кіріскен. Ал ауа райын болжаушылардың мәліметінше, алдағы күндері күн суытып, аяз қатаяды.

Еркін КАРИН