Сауд Арабиясы, мұнай баррелі 20
долларға түссе де, міз бақпайды. Бұл туралы аталмыш елдің мұнай министрі Әли әл
Наими The Financial Times басылымына берген сұхбатында мәлімдеген. Оның
айтуынша, өндіріс көлемін шектеу - ОПЕК елдерінің мүддесіне қайшы. «Бұл жерде
бағадан бұрын нарықтағы үлесті сақтап қалған маңызды», - деді. Бұған Араб
түбегі елдерінің мүмкіндігі жеткілікті. ОПЕК елдері үшін мұнайдың бір баррелін
өндіру небәрі 4-5 долларға шығады. Демек, Сауд Арабиясы қара алтын бағасының ең
төменгі құлдырауына да төзеді деген сөз.
Мұнай министрі алдағы уақытта шикізат
бағасының қайта 100 долларға дейін көтерілуі екіталай деді. Оның ойынша,
өндіріс тым қымбатқа шығатын елдер ғана өнім көлемін төмендетуі мүмкін. Сондай-ақ
әл Нами қара алтын бағасын құлату үшін, «астыртын келісім» жасалды деген
әңгімені жоққа шығарды. «Оған еш негіз жоқ», - деп санайды. Айта кетейік, Сауд
Арабиясы - ОПЕК құрамындағы ең ірі мұнай өндіруші елдердің бірі.
Әли әл Наими, Сауд Арабиясының
мұнай министрі:
Мұнай бағасы қанша болса да,
ОПЕК елдері өндіріс көлемін төмендетуді қолдамайды. Құны мейлі 20 доллар, 40
немесе 50 доллар болса да. Егер біз өндірісті азайтсақ нарықтағы үлестен
қағыламыз. Ол үлес басқа өндірушіге ауып кетеді. Ол америкалық, ресейлік немесе
бразилиялық өндіруші болуы мүмкін.
Мөлдір
БАҚЫТ-ҚЫЗЫ