Шағын
қалалардағы үлкен проблемалар. Мемлекеттік субсидиялар Қарағанды облысындағы
шағын кәсіпкерлерге әлі күнге дейін толық жетпеген. Былтыр «Шағын
қалаларды дамыту - 2020»
мемлекеттік бағдарламасы бойынша шаруаларға екінші дәрежелі банктерден 14
пайызбен несие беріліп, оның 10 пайызын үкімет төлеуге уәде берген. Алайда, ол
қаржы банкке уақытында келіп түспегендіктен, кәсіпкерлер «несиені
өз қалталарымыздан өтеуге мәжбүр болдық» дейді. Ашылмай жатып, тығырыққа тірелген
бизнес өкілдері, шағын кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын қайта қарау керек
деген пікір білдірді.
Гүлнәр
Мұсағұлова былтыр Саран қаласынан шағын дәмхана мен наубайхана ашыпты. Осы
мақсатта моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша «Даму» қоры арқылы банктен
14 пайызбен 5 жарым миллион теңге несие алған. 10 пайызы қазынадан
субсидияланатындықтан, «бизнесті дөңгелетіп әкететініме сенімді болдым. Алайда,
үкімет мойнына алған 10 пайызын 8 ай бойына бөлшектеп төлеп, әбден мезі етті»
дейді. Тіпті, соңғы үш айдағы қаржысы әлі түспеді. Ай сайын 90 мың теңгені әрең өтедім деген
кәсіпкер бизнесін дамытқанды қойып, тұралап қалғанын айтады.
Гүлнәр
Мұсағұлова, кәсіпкер:
Бұл
бағдарламаның проблемасы бірден басталды. Субсидияны дер кезінде
төлемегендіктен, банкке несиені айналымдағы ақшадан алып өтедім. Негізінде ол
соманы «Даму»
қаржы агенті төлеуі тиіс. Ақша алдымен әкімдікке, одан «Даму»
қорына, соңында банк шотына түсуі керек. Қай жерде, қандай шикілік барын
білмеймін.
«Даму»
қоры бұл мәселеге қанық. «Мәселенің
бұлайша сырқұйымшақталып кеткеніне қазіргі Ұлттық
экономика министрлігінің бұрынғы атауларының сан рет өзгеруі себеп болды», - дейді өңірдегі өкілдері. Ал, бөлінген ақша
бүгін-ертең банк шотына түседі, деп жұбатты.
Жандос
Бөкенов,
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Қарағанды облысы бойынша аймақтық филиалының
менеджері:
Ақшаның
банкке дер кезінде түспеуі құжаттармен байланысты. Министрліктеріміз ауысқан
себебінен, көптеген құжаттарды қайта рәсімдеу керек болды. «Даму»
қорына ақша дер кезінде түспегендіктен, банктерге ақша
аударылмады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін,
әр қалаға қандай жоба, қанша қаражат керек есептеу керек.
Евразиялық
кәсіпкерлер қауымдастығы бизнес өкілдерінің күнде «ертеңнен»
шаршағанын айтады. Енді шағын шаруашылық иелері әкімдіктердегі кәсіпкерлік
бөлімдері мен кәсіпкерлер қауымдастықтарынан көмек сұрап жүргенін жеткізді. Қауымдастық
төрағасының айтуынша, бір ғана Сарандағы 7 кәсіпкерге мемлекеттік субсидия дер
кезінде жетпеген.
Жомарт
Алданғаров, Евразиялық
кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы:
Лауазымды шенеуніктер трибунада
тұрып алып, керемет табыстар жайлы айтып, жар салып жатады. Құдды бір
экономикалық диверсия секілді. Кәсіпкердің пікірі осындай. Елбасы бизнесті
дамыту үшін миллиондап, миллиардтап ақша бөліп жатыр. Бірақ қаражат барар
жеріне жетпейді. Бәрі айқын, ашық
жария етілмейді. Сондықтан
кәсіпкерлер ешкімге сенбейді.
Дегенмен,
биыл Қарағанды облысында 66 жоба бекітілген. Олар мемлекеттің қолдауына зәру. Бірақ, өкініштісі
де сол: өз алдына шағын кәсіп ашып, оны
үлкейтемін деушілерге кедергілердің болмайтынына ешкім кепіл бола алмады.
Айжан ҚУАШ