2016
жылы басталатын жаңа құрылыс жобалары 20 пайыздай ғана болады. Яғни құрылыс
қарқыны төмендейді. Бұл туралы Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы
директорының міндетін атқарушы Аслан Түкиев айтты. Ал құрылыс саласының ұлттық
қауымдастығы теңгенің құнсыздануынан кейінгі бағамды ескеріп, құрылыс
сметаларын қайта қарау керек деген бастама көтерді. Біліктілік комиссиясын
шақырып, валюта бағамдарының құбылуы құрылыстың әр саласына қалай әсер етіп
жатқанын бөлек-бөлек қарау қажеттігін алға тартуда.
Валюта
күн сайын өзгеріп жатқанда құрылыстағы ауыртпалықты тек қана мердігердің
мойнына іліп қоюға болмайды. Қазақстан құрылыс саласының ұлттық қауымдастығы
оларға араша түсті. Өйткені ұлттық валюта бағамы өзгерсе, жобаны қайта қарап,
мемлекеттік сараптамадан қайтадан өткізіп, мәселені республикалық бюджет
комиссиясының қаруына жеткізуге мүмкіндік беретін нормативтік құжат бар екен.
Құрылысқа тапсырыс берушілерге, мердігерлерге және жоба жасаушыларға техникалық
шешімдер мен құрылыс сметасын қайта қарауға мүмкіндік беру керек.
Әділша Ермұқанов, ҚР «Ұлттық құрылыс саласының
қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
Өткен
девальвация қазір де жалғасып жатыр ғой. Осыған байланысты қазір мердігерлер
өте қиын жағдайға ұшырап қалып жатыр. Себебі бүкіл тауарды өндіріп жатқан
кәсіпорындар, кәсіпкерлер тауарының бағасын көтеруге құқылы. Ал подрядчик
жалғыз өзі істеліп жатқан жұмыстың бағасын өсіре алмайды. Себебі келісімшартқа
қол қойылған. Жалғыз подрядчиктер ғана жауапқа тартылмау керек.
Дағдарыстың
салқыны ұзақ мерзімді жобаларға әсер етіп жатыр,- деді қауымдастық басшысы. Бірақ
қанша тұрғын үй қаңтарлып тұр, құрылысының сметасын қайта қарау керек болған
ұзақ мерзімді жоба қанша, олар қай кезде тапсырылады деген сұрақтарға жауап ала
алмадық.
Әділша Ермұқанов, ҚР «Ұлттық құрылыс саласының
қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
Енді
ондай статистика 10, 100 жоба деп ондай жоқ. Әр облыста, әр ауданда ондай
жобалар көп қой енді. Сіз айналып келіп осы проблемаға бізді нетіп жатырсыздар.
Біз айтып отырмыз ғой, жүйелі түрде мәселені қараймыз деп.
Ұзақ
мерзімді жобаның бір құрбаны - Мұрат Қасенов. Атышулы «Азбука жилья» құрылыс
компаниясының үлескері.
Мұрат
Қасенов, үлескер:
2013
жылы желтоқсанда тапсырылуы керек еді, келісім бойынша, бірақ осы кезге дейін
тапсырылмады. Акимат көмектесеміз деп, мамыр айынан бастап жылжыған жоқ.
Құрылыс тұр. 4 мың адам жүр. Қашан не
болады? Бізге басқа инвестор беріп жатыр Орда инжиниринг деген.
Дағдарыстың
құрылысқа салмақ салып отырғанын бірауыздан мойындады мамандар. Өйткені
біздегі құрылыс импортқа тәуелді. Оны үстіне біздегі ескі құрылыс ережелері мен
үлгілерін алмастырады деген еурокодтарды енгізу мәселесі әлі шешімін таппаған.
Тіпті Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресей және Белоруссиямен де
еурокодтарды енгізуде пікір қайшылығы барын айтты дөңгелек үстел қатысушылары.
Ғалымжан
Дұғалов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі комитет төрағасының
орынбасары:
Біз
стандарттау бойынша Еуропалық комиссиямен келісімге келдік. Еурокодтарға қол
жеткіздік. Сөйтіп, 2015 жылы 122 стандарт қабылдадық. Ал 2016 жылы тағы 266 еурокод қабылдаймыз.
Ал
құрылыс саласының ұлттық қауымдастығы Үкіметтен саланы өзін өзі басқаруға
жіберуді сұрап отыр. Жағдай сонда ғана түзеледі-мыс. Ал Қазақстан
құрылысшыларының қауымдастығы жағдай түзеледі деуге асықпайды, қайта құрылыс
қарқынының төмендейтінін болжап отыр.
Аслан
Түкиев, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы директорының міндетін атқарушы:
2016
жылы құрылыс барысы төмендейді. Жаңа жоба бастап жатқандары саусақпен санарлық.
Ең көп дегенде, 20 пайыздай ғана болады. Құрылысқа деген жерлер тұр. Оны тартып
алмас үшін, әйтеуір, бірдеңенің ұшын шығарып, бастап қояды.
Қазақстан
құрылысшылары қауымдастығы шаршы метрлерді сөйлетті. Бізде көрсеткіш әр адам
басына 20 шаршы метрден аспайды. Ал асылында жан басына шаққанда Қытайдағыдай
әр адамға кемі 40 шаршы метрден келуі керек екен. Ал АҚШ-та жан басына шаққанда
әр адамға 70 шаршы метрден бұйыратын көрінеді.
Айгүл ӘДЕПБАЙ