$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Қазақстан мен Ресей Байқоңырдан «Протон» зымыран-тасығыштарын ұшыруды азайту туралы келісімге келді

AstanaTV
24.12.2014ж. 20:00
1218
Қазақстан мен Ресей Байқоңырдан «Протон» зымыран-тасығыштарын ұшыруды азайту туралы келісімге келді

Ресей Байқоңырдан «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшыруды азайтпақ. «Қазақстан мен Ресей федерациясы осы жөнінде келісімге келді»,- деп жазады ҚазАқпарат. Мұндай қадамға экологиялық қауіпсіздік мәселесі себеп болуы ықтимал. Екі елдің үкіметаралық комиссиясының 24-25 қарашада Байқоңырда өткен отырысы хаттамасының соңғы нұсқасына жуырда Мәскеуде қол қойылды. Құжат «Байқоңыр» кешенін пайдалануға қатысты.

Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев пен Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин қол қойған хаттамада бірқатар ұсыныстар мақұлданды. Онда «Қазақстанның қоршаған ортасына экологиялық зияндылықты азайту»  туралы анық жазылған. Құжатқа сай 2017 жылы «Протон-М» зымыран-тасығышының ұшырылуы екі есе, 2020 жылы тағы екі есеге қысқарады. Ал 2025 жылы қысқарту бес есеге жетсе, 2026 жылы мүлде аяқтау жоспарланып отыр,- делінген ресми ақпаратта.

Осы тұста айта кетейік, күні кеше Ресейдің Плесецк ғарыш айлағынан «Ангара-А5»  жаңа зымыран-тасығышы көкке көтерілді. Алғашқы сынақ ретіндегі ұшырылым сәтті өткен секілді. «Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу президент Путинге бұл жөнінде баяндап та үлгерді»,- деп хабарлайды ТАСС. Сарапшылар пікірінше, экологиялық зияны әлдеқайда аз «Ангара» тасығыштары келешекте «Протондарды» алмастыра алады.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА