$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Қарағандылықтарды алдап кеткен «Азалия» турфирмасының директоры 4 жарым жылға сотталды

AstanaTV
22.01.2016ж. 20:00
1786
Қарағандылықтарды алдап кеткен «Азалия» турфирмасының директоры 4 жарым жылға сотталды

Қарағандыда бір топ саяхатшыны сан соқтырып кеткен «Азалия» турфирмасының директоры Азалия Қаюпова 4 жарым жылға сотталды. 27 жасар бойжеткен Түркияға демалтамын деп, адамдардан қомақты қаражат алып, кейін ізін суытпақ болған еді. Айжан Қуаш сабақтайды.

«Азалия» туристік фирмасының былық-шылығы 2013 жылы көктемде басталған еді. Демалыс ақысын төлеп қойған саяхатшылар Анталияға ұша алмай қалған. Турагенттік директоры болса, жолақының қымбаттап кеткенін алға тартып, олардан тағы да ақша сұрайды. Арты дау-дамайға айналып, полицияға 3 адам шағымданған болатын.

Әлия Жошева, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының  жауапты хатшысы:

Каюпова жаңағы жәбірленушілерді алдап, Түркияға тур жасаймын, билеттерді алып берем деп алдаған. Ақыры жәбірленушілер Түркияға да ұшпаған. Қазіргі уақытқа дейін ақшаларын да қайтармаған.

Ал, «Фараон» турфирмасы алдады деген 99 адам әлі құқық қорғау орындарын жағалап жүр. Өткен жылы шілденің басында «Фараоннан» жолдама алған тұрғындар Түркия, Грекия мен Қырғызстан курорттарына ұша алмай қалды. Зардап шеккендердің айтуынша, әр отбасының 3 жарым мыңдай АҚШ валютасы далаға кеткен. Ал "Фараонның" барлық саяхатшыға берешегі 55 млн. теңге шамасында деп отыр.

Светлана Ушанева:

Ешкім де ақшамызды қайтарып берген жоқ. Алғашындақолхат жаздырып қайтарамыз деген. Кейін көк тиын да бермеді.

Қылмыстық іс қозғалысымен «Фараон» компаниясы өздерін банкротпыз деп жариялады. Қазір олардың кеңсесі жабық, орнына гүл сататын дүкен ашылған. Ал, турагентіктің директоры уақытша қамауға алынған болатын. Жапа шеккендердің айтуынша, құқық қорғау органдары мекеменің 2010 жылдан бері еш сақтандырылмағанын, тіпті жалған құжаттармен жұмыс істеп келгенін анықтаған.

Наталья Елесейкина:

Сақтандыру құжаты жалған болып шықты. Тіпті, бізге берген билеттер, бәрі жалған екен. Яғни, ол осының бәрін біле тұра  қылмысқа қасақана барған. Екі баласы бар, өзінің қазір де аяғы ауыр. Біз кекшіл емеспіз. Ақшамызды қайтарсын да, қамаудан шығып жүре берсін.

ІІД дерегінше, қазір, «Фараон» директорының үстінен алаяқтық бабының бірнеше тармағымен қылмыстық іс қозғалған. Полицияға шағымданған 72 адамның арызы жеке-жеке қаралып жатыр. Соңғы бірнеше жылда алаяқ туристік агенттіктердің құрбанына айналғандар көбейіп барады. Жапа шеккендер бар мәселе еліміздегі туризмге жауаптылардың салғыртығынан деп отыр.

Айжан ҚУАШ