$487.37 €532.94 ₽5.09
×

«Барыс» ХК биылғы маусымда бірінші рет қақпасына 7 шайбы жіберіп алды

AstanaTV
22.01.2016ж. 20:00
1581
«Барыс» ХК биылғы маусымда бірінші рет қақпасына 7 шайбы жіберіп алды

Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде «Барыс» Омбының «Авангардынан» ойсырай жеңілді. Астанада өткен кездесуде матч қонақтардың пайдасына 7:2 есебімен аяқталды.

Ойынның бірінші минутынан омбылықтар басымдыққа ие болып, жойқын шабуылдар ұйымдастырды. Нәтижесінде алғашқы 9 минутта «Авангард» ойыншылары 3 шайба соқты. Бұнымен шектелмеген ресейліктер үзіліске дейін «Барыстың» қақпасына тағы бір шайба енгізді. Ірі есеппен алға шыққан қонақтар екінші кезеңде де қарқынын бәсеңдетпеді. Кездесудің соңына дейін астаналық команданың қақпасына 7 шайба соқты. Ал, «Барыс» сапынан Найджел Доус пен Роман Старченко мергендігімен көзге түсті. Осылайша, «Барыс» маусымдағы 27-жеңілісіне ұшырады.

Андрей Шаянов, «Барыс» ХК бапкері:

Ойын басынан біз үшін сәтсіз басталды. Жылдам голдарды жіберіп алдық. Тек үзіліс кезінде есімізді жинадық. Бас бапкер ойыншыларға бағыт-бағдар бергеннен кейін, команда есепті қысқарта бастап еді. Бірақ, қарсыластардың қақпашысы өте жақсы ойын көрсетті. Ойын соңына дейін бар күшімізді салғанымызбен, жеңіске жете алмадық.

Тартысты кездесу тек голдармен емес, қақтығыстарымен де еске қалды. Отыз бесінші минутта тафгай Дамир Рыспаев қарсыластың қорғаушысы Михал Кемпниге қарсы дөрекі ойнады. Төреші жұдырығын ала жүгірген Рыспаевты ойын соңына дейін айдыннан қуды. Қоржынында 78 ұпайы бар «Барыс» Шығыс конференциясында жетінші орында келеді. Елордалықтар келесі кездесулерін 25 қаңтарда өз айдынында Нижнекамскінің «Нефтехимигімен» өткізеді. 

Берік ХАСЕНОВ