Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Шымкентте темір жол бойында болған ірі апатқа қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды

AstanaTV
25.12.2014ж. 20:00
1681
Шымкентте темір жол бойында болған ірі апатқа қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды

Шымкентте темір жол бойында болған ірі апатқа қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды. Көкбұлақ ауылы тұсында жүк пойызының аударылуына кінәлі ретінде айып тағылған бес жауапты қызметкердің ісін Абай аудандық соты қарайды. Бұл туралы бүгін еліміздің Бас көлік прокуратурасының өкілдері ресми мәлімдеді. Бұдан бұрынғы жаңалықтарымызда ауыл азаматтарының арасында денсаулығы сыр беріп, дәрігерлерге шағымданушылар көбейгені туралы айтқанбыз. Мамырда болған апаттың қазіргі салдары қандай? Әріптесім Айзада Төребекқызы тұрғындардың тынысымен тағы танысып қайтты.

Күкірт қышқылы тиелген жүк пойызы Көкбұлақ ауылының осы тұсында аударылды. Қазір бұл жерде апаттың ешбір белгісі қалмаған. Тұрғындар сол күнді ұмытып та кетер ме еді, ұмыттырмай тұрған - денсаулықтағы өзгеріс.

Көкбұлақ ауылының тұрғыны Гүлдәурен Өмірбекова алты айлық ұлын екпе жасатуға әкеле жатыр. Ауылға күкірт қышқылы төгілген кезде, сәбиі іште болатын. Сәбиі туылғанынан дімкәс. Сәттархан - оның үшінші перзенті. Дәрігерлер басында суы көп депті. Тиісті ем-домын алғанмен, нәтиже бере қоймады, деген ана, улы қышқылдың зардабы болар деп, топшылайды.

Гүлдәурен Өмірбекова, Көкбұлақ ауылының тұрғыны:

4,5 айдан кейін мен оны инфекционистке апардым. Сөйтіп қанын өткізіп тексертті. Содан кейін оның қанында инфекция бар деп,  бізге солай неғылды. Неден деп ойлайсыз? Неден болғанда, ойлаймын өзім  күкірт қышқылының әсерінен. Өйткені менде сол кезде реакция болып, денем қышып, жүрегім айнып, басым айналып бірәз әсер берді маған. Сол әсер еткен шығар деп ойлаймын.

Бұлай ойлауы бекер емес. Себебі елді мекен тұрғындары сол кездері қышыну, жөтел және қан қысымның көтерілуі секілді бұрын байқалмаған сырқатпен медицина қызметкерлерінің көмегіне жиі жүгінген. «Қазір де ауылдың фельдшерлік-акушерлік пунктіне көмек сұрап жүгінушілер баршылық», -  дейді медбике.

Рабиға Тұрлыбекова, медбике:

Сол күкірт қышқылының салдарынан әлі де давлениесі көтерілулері бар әлі де. Шағымданып келіп тұрады бізге. Қаралып тұрады, емдерін қабылдап тұрады.      

Еске салайық, 58 вагоны бар жүк тасымалдайтын пойыз  5 мамырда аударылды. Қатты соққыдан 29  вагон үсті-үстіне мінгесіп қалған еді. Айта кетейік, жүк пойызы құрамында сол кезде құрылыс заттары мен астықтан бөлек, күкірт қышқылы толтырылған сегіз  вагон болды. Соның үшеуіне  зақым келген-ді. Жеті айдан астам жүргізілген тергеу нәтижесі «шойын жолдағы ақау дер кезінде анықталмаған» деген қорытындыға келді.

Әділет Тоқтамысов, ҚР Бас көлік  прокуратурасының  ресми өкілі:

Вагондардың жолдан шығып кетуіне рельстің техникалық ақауы бірден бір себеп. Шойын жолдың байланысы дұрыс болмаған. Тексеру нәтижесінде вагондардан ақау табылмады.

Қателікке жол берді деп айыпталып отырғандар  - «ҚТЖ» ұлттық компаниясы АҚ-на қарасты «Шымкент жол дистанциясы» филиалының директоры, бас инженері, учаске бастығы, жол бригадирі және жол мастері. Олар бүгінгі таңда мекен-жайдан алшақтамау  жөнінде қолхатпен жүр. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ 

Алдыңғы жаңалық