$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Қостанайда оқушылардың улануы бойынша қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
26.12.2014ж. 20:00
Қостанайда оқушылардың улануы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Қостанайда тағы оқушылар жаппай тамақтан ұшынды. Облыстық әкімдік сайты жария еткен ақпаратқа сай, бұл жолы қазақ-түрік лицейінің 37 шәкірті астан уланып, оның 18-і ауруханаға түскен. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың денсаулығы тәуір. Полицейлер  оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Ал, санитарлық мамандардың болжамына сәйкес, лицей асханасында тазалық талаптары сақталмаған.

Лицей шәкірттері кеше кешке қарай науқастана бастапты. Тамақтан ұшынғандардың көбісі - 7-8 сынып оқушылары. Олар лоқсып, дене қызуларының  көтерілгенін, асқазандарының ауырғанын айтып шағымданған.

Ардақ Сұлтан, Қостанай қазақ-түрік лицейінің оқушысы:

Буфетте пирожки жедім. Ол капустамен болды. Сосын маған өте жаман болды. Түні бойы ұйықтай алмай, таңертең дәрігерге бардым.

Серікбай Байжан,  Қостанай қазақ-түрік лицейінің оқушысы:

Мен бүгін таңертең ауыра бастадым. Сағат шашаммен 7 кезінде. Ішім ауырып, құсып, ішім өте бастады. Қазір жағдайым тәуір.

Оқушылардың тоғызы қалалық балалар ауруханасына жатқызылған. Қалған бесеуі ересектер емханасынада емделіп жатыр. «Қазір олардың жағдайы жақсы, тек бір науқасқа инфузиондық терапия жасадық», - дейді дәрігерлер.

Әсия Бәйменова, Қостанай қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері:

Промывание желудка, симптомдық терапия жасалды. Бүгін жағдайлары жақсы. Температуралары түсті.

Аталған білім ордасында сабақ кесте бойынша жалғасып жатыр. Мектеп  асханасы да  жабылған жоқ. Бірақ  санитарлық мамандар мен полицейлер тексеру шараларын жүргізді.

Ержан Мырзабаев, Қостанай қазақ-түрік лицейінің директоры:

Өзіміздің асханамыз. Өзіміздің аспазшыларымыз бәрін дайындайтын. Қаншама жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан. Бұрны мұндай оқиға ешқашан болмаған. Сондықтан оның қалай, қайдан болуын қарастырып жатырмыз. Тексеріс  нәтижелерінен кейін толығырақ мәлімет береміз.

«Алайда, лицей асханасында жеке кәсіпкердің буфеті жұмыс істеп келген», - дейді тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілдері. Дәл осы кәсіпкердің санитарлық ұйғарымы жоқ екені анықталған. Сонымен қатар мектеп асханасында бірқатар тазалық талаптары да сақталмағанын айтты.

Сәуле Бәйменова, Қостанай облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары:

Асхананы тексеру барысында тазалық талаптары бұзылғаны анықталды. Мәселен, ыдыс-аяқтың жетіспеушілігі, ыдысты жуу мен дұрыс сақтамау секілді санитарлық ережелердің бұзылуы жаппай улануға себеп болуы мүмкін.

Облыстық ішкі  істер департаментінің баспасөз қызметі бұл факті бойынша  қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлады. Жалпы жыл басынан бері өңірде осымен төртінші рет тамақтан улану оқиғасы тіркеліп отыр.

Заңғар САНАЙ