$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Османлы тілін оқыту бастамасы түрік қоғамында қызу талқыға түрткі болды

AstanaTV
26.12.2014ж. 20:00
2947
Османлы тілін оқыту бастамасы түрік қоғамында қызу талқыға түрткі болды

Түркия халқы тайлы-тұяғына дейін түгел османлы тілін білуге міндетті. Түрік президенті Реджеп Тайып Ердоған осындай жарлығымен ел-жұртты елең еткізді. Ол - Анкарада өткен 5-ші Дін істері кеңесінің съезінде ресми мәлімдеме жасап, ескі тілді қайта үйренуге шақырды. Мемлекет басшысының бұл ұсынысына залдағы мыңдаған жұрт қолдау көрсетіп, ойы бір жерде шыққанымен, сырттағы миллиондаған халықтың пікірі екі түрлі. Анадолылық ағайындардың арасында ескі тілдің еш керегі жоқ деп қарсылық білдіріп жатқандар бар. Енді бірі атадан қалған мұрамызды ортақ тілде оқитын боламыз деп қуануда. Әрі қарай Түркиядағы әріптесім Самат Сүлей сабақтайды.

Осман империясы құрылған тұста араптан әріп алып, өздерінің ресми тілі жариялады. Яғни ХІІІ пен ХХ ғасыр арасында аталған алып империяның хан-сұлтандары дәл осы тілде сауат ашып, хат алысты. Тиісінше, түріктердің сан ғасырлық тарихы осы тілде жазылды. Ал, қолданыстағы көптеген сөздері де араб пен парсыдан енген. Үш құрлықты билеген осман империясы ыдырағаннан соң алфабиті де өзгерді. 1928 Ататүріктің бастамасымен Түркия латын алфабитіне көшті. Қазіргі түрік басшысы Ердоғанның ескі тілді үйренеміз деген ұсынысы латыншадан бас тартамыз дегенді білдірмейді. 

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

Елімізде османлы тілін үйренгісі келетін балаларымызды жақтырмайтындар бар. Түбіне үңілсек, бұл біздің ана тіліміз, ата тіліміз. Бұл ешқандай шетелдің тілі емес қой. Бар айтатын уәждері, тек мазар тастарындағы жазуды оқу үшін бе, дейді. Бар мәселе осында. Ол таста біздің бүкіл тарихымыз бен мәдениетіміз, сан ғасырлық бабаларымыздың мұрасы бар.

Мемлекет басшысының бұл бұйрықты бастамасынан кейін алты ғасырдан аса тарихы бар ескі тіл түрік қоғамында жиі талқынып жатқан өзекті тақырыптардың біріне айналды. Ел президенті Ердоғанның өзі айтпақшы, османлы заманындағы тілдің қайта оралуын оғаш көріп, оған қарсы шыққандар көп. Олар көктас бетіндегі жазуды оқу үшін, бүкіл халыққа міндеттеу керек емес деген пікірде.

Әбдуақап Қара, Мимар Синан атындағы университет профессоры, тарихшы:

Мысалы, Еуропада латын тілі өліп кеткен, бірақ мәдениетінің бір тармағы латын тілінде. Германия, Францияда болсын, гимназияларда, мәдениетіміздің тірегі деп, оларға өліп кеткен латын тілді үйретеді.

Жеті тіл білетін, жетеуін де жетік меңгермесе де, қазақ, түрік, ағылшын тілінде еркін оқып, жазатын қандасымыз Әбдуақап Қара да османлылардың тілін бала кезінде өз бетінше үйренгенін айтады. Ал бүгінгі түрік балаларына міндетті пән ретінде енгізуі, қиындық туғызуы мүмкін дейді.

Әбдуақап Қара, Мимар Синан атындағы университет профессоры, тарихшы:

Енді бұл қалай үйретіледі, мұғалімдер жағы қалай болмақ? Өйткені пәленбай мың мектеп бар. Мәселен, ағылшын тілінің өзі барлық мектепте жеткілікті мұғаліммен үйретіледі. Бірақ универге келгенде, қарасақ, жаза алмайды, не жеткілікті оқи алмайды. Екінші пікір - жұрт бұл міндетті сабақ болмаса, тек қалаумен деп жатыр.

Республикалық Халық партиясы ел президентінің мәлімдемесінен кейін әдеттегідей жастарын көшеге шығарып, қарсылық шарасын өткізді. Айтқан уәждері - османлының тілі емес, бізге керегі тарихы.

Үміт Эресли:

Үкімет демократиялы түрде білім берсін. Алдымен ел-жұрттың пікірін білсін. Қалыптасқан ана тілімізде оқығымыз келеді. Билік басындағы шенеуніктер өз балаларын ағылшынша, италияша оқытып, шетелге жіберуде.  Ал ескі тілді қара халыққа тықпалауда.

Ыстамбұлдағы Мармара университетінің профессоры Месут Чен мырза - тіл маманы, 30 жылдан бері педагог дайындап, талай филологқа жол сілтеген ұстаз. Осман тіліне қатысты ой-пікірі мынадай. 

Месут Чен, Мармара университетінің профессоры, филолог:

Біріншіден, бұл бастамаға қатысты ел үкіметі филолог, тарихшыларды жинап ұсынысын алды дегенді естімедім. Яғни османлы тілін оқытудың әдісі мен тәсілі қалай болмақ деген сұраққа жауап іздемеген. Егер жалпыға ортақ пән ретінде енгізсек, кім үшін керек? Әрине, қарсылығым жоқ, керісінше, жастар жағы үйренсін, білсін. Бірақ оның соңғы нәтижесіне мән беруіміз қажет. Сондықтан бұл тек саяси мақсатпен айтылған бастама боп қалмаса деймін.

Османлы тілі туралы бастама қоғамды қақ жарғанымен, билік батыл қадамға дайын отыр. Елдің білім министрлігі барлық мектептерде осман тілі негізгі пән ретінде енгізілетінін жариялады.

Самат СҮЛЕЙ