$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Ақтауда баспанасы өртке оранып, 10 баламен далада қалған Өтешовтер отбасы үйлі болды

AstanaTV
26.12.2014ж. 20:00
1352
Ақтауда баспанасы өртке оранып, 10 баламен далада қалған Өтешовтер отбасы үйлі болды

Ақтауда баспанасы өртке оранып, 10 баламен далада қалған Өтешовтер отбасы үйлі болды. Олардың отауын қалыпқа келтіруге демеушілер мен еріктілер көмектесті. Көпбалалы Айман Өтешованың айтуынша, өрт кезінде құжаттар мен алтын белгі және күміс алқа төс белгілері жанып кеткен. Алайда жергілікті әкімдіктің жәрдемімен бар құжаттар қалпына келтірілген екен. «Әкімдіктің арқасында үй қалпына келгенше, уақытша баспанада тұрдық. Көмек қолын созған азаматтарға алғысым шексіз», - дейді ана.

Айман Өтешова, көпбалалы ана:

Басында өте қорқынышты болды. Бірақ көмек қолын созған азаматтардың және әкімдіктің арқасында бәрі шешілді. Алғысымыз шексіз. Үмітіміз ақталды.

Бүгінде Өтешовтер отбасында он бірінші бала дүниеге келді. 37 жастағы батыр ана бұнымен қатар әже атанып отыр. Отбасы өткенге өкінбей, жаңа өмір бастап, шағын бизнес ашқан. Той-думан, мерекелер ұйымдастырумен шұғылданады. Өтешовтер отбасы қайырымдылықпен де айналысады. Олар жыл сайын жаңа жылда қарттар үйін тегін безендіреді.

Сидихат Өтешов:

Осы қиын жағдайдан шығып қана қоймай, басқа да адамдарға мереке сыйлауға тырысудамыз. Ресторандарға барып, осы шарларды үрлеп беремін. Басқа да салтанатты шараларды ұйымдастыру ісімен шұғылданып жүрміз. Мәселен, жаңа жылда Аяз ата болып киініп, тұрғындарды құттықтаймын. Бізге көмектескен адамдарға рахмет, біз де өз тарапымыздан мұқтаж жандарға көмек қолын созамыз.

Жұрағат БАМАН