Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанға қалай әсер етеді?

AstanaTV
06.01.2015ж. 20:00
1512
Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанға қалай әсер етеді?

Әлемдік қор биржасында мұнай құнының құлдырауы жаңа жылдық демалыстардан кейін жалғасып, Лондондағы дүйсенбілік саудада баға 2009 жылдың көктеміндегі минимумнан асып түсті. Brent маркалы мұнай барреліне 53,11 долларға дейін құлдырады. Кірісінің басым бөлігін қара алтын экспортынан тауып отырған Қазақстанға құлдырау қалай әсер етеді, республикалық бюджеттің кесіп-пішер қандай бағыттары бар? Азамат Алдоңғаров тарқатады.

2015-тің жаңа жұмыс аптасы Қазақстанды жағымды жаңалығымен қуанта қоймады. Әлемдік қор биржаларында бесінші қаңтарда өткен саудада қара алтын құны 2009 жылдың 1 мамырындағы ең төмен деген көрсеткіштен де асып түсіп, рекордқа жетті. Brent маркасының баррелі 53-54 доллардың арасында құбылса, WTI маркасы да 2009-дың 28 сәуіріндегі 50,04 доллар бағасына төмендеді. Болжанбаған бағалар мұнайлы мемлекеттердің біразына шығыстарын қысқартып, қаржы үнемдеуге мәжбүрлеп отыр. Оның ішінде алдағы жылдардың бюджетін мұнай бағасы 80 доллар болады деп бекіткен Қазақстан да бар. Мемлекет басшысы үкіметке қажет болса, бюджетті тіпті 40 доллар деген бағамен пішіп, бюджетті қайта қарау керек деген тапсырма жүктегені мәлім.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұнайдың бағасы 120-дан 60 долларға түсті. Газ да солай болатын болады. Басқа сыртқа шығарып жатқан заттарымыздың бағасы да солай болады.

Желтоқсанның 25-індегі Президенттің сөзінен кейін 10 күн ішінде нарықта қара алтын 60-тан 54 долларға бірақ түсті. Әлемнің алпауыт мұнай өндіруші елдерінің аяқ алысына қарағанда, бұл төмендеу әлі де жалғаспақ. Мәселен, ең мұнайлы елдердің бірі Ирак осы айда өндіріс көлемін секундына 3,3 млн баррельге жеткізіп, 1980 жылғы рекордты жаңартуға ниетті. Ал көрші Ресейдің 2014 жылдың желтоқсанындағы өндірісі секундына 10 млн баррельден асып түсті. Демек, өндірісті қысқартпай, бағаны тұрақтандыру туралы әңгіме қозғау - құр қиял.

Айдар Әлібаев, «Қаржы тұтыну одағы» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы:

Мұнайдың өсуіне алып келетін ешқандай негіз көріп отырған жоқпын. Әрине, нарықта шамалы құбылып, бір өсіп, бір төмендеуі мүмкін, бірақ негізгі тренд төмендеуге әкеледі.

Экономист Айдар Әлібаев қара алтын құнының тұрақтанарына күмәнмен қарайды, ал көтерілуіне тіпті сенбейді.

Айдар Әлібаев, «Қаржы тұтыну одағы» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы:

Жеке мені тіпті мұнай құны 54 доллардан төмендегені де алаңдатпайды. Бұл төмендеу әрі қарай да жалғасады. Себебі Ресейге қарсы қосылған санкциялар режимі ұзақ мерзімді және оның нәтижелері қалауымыздан тәуелсіз бізге әсер етеді.

Маман бұл болжамдарды ескере отырып: «Республикалық бюджетті қайта есептеуге шұғыл түрде кірісу керек», - дейді. Үнемдеудің жолдарын да біледі. Бірақ тұтас бір үкіметте де үнемдеудің көзін табар маман табылар. Бар қиындық, болашақтағы бағаны нақ болмаса да, ұқсатып та болжау мүмкін болмай отырғаны.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі (18.10.2014 ж.):

2015 жылға мұнай бағасының болжамы барреліне 90 доллардан 80 долларға төмендетілді. 2016 жыл мен 2019 жылда 90 доллар деңгейінде сақталады. Металлдың құны 2015 жылы қазіргі деңгейде тұрақтап, 2019 жылға қарай 5,4 пайызға өседі.

«Болжам жасау - қайырсыз іс», әрине. Бірақ мұнайға жауапты министр Владимир Школьниктің көңілі көтеріңкі. Шығыс Қазақстанға өткен жылдың желтоқсанында жасаған сапарында, «тіпті 20 доллар бағадан асқан бақыт жоқ» деп, қалжың-шыны аралас мәлімдеме жасады.

11.12.2014 жылғы түсірілім:

Но я никогда не забуду ту историю, когда с Даниалом Кенжетаевичем, первым вице-премьером или Премьер-министром уже, и вы сказали, Владимир Сергеевич, цена 20 долларов за баррель - большего счастья не надо.

Айдар Әлібаев, «Қаржы тұтыну одағы» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы:

Шұғыл шаралар - ел оларсыз да күнін көретін қажетсіз бағдарламалар мен салаларды қысқарту, имиджге жұмыс істейтін жобаларды қысқарту. Ал ұзақ мерзімді шаралар - бұл диверсификация, бизнеске барлық мүмкіндікті жасап, дамуды тежейтін міндеттемелерді алып тастау.

Шикізат экспорттаушы экономикадан индустриялық экономикаға көшуді Мемлекет басшысы да талмай айтып келеді. Бірақ ол 10 жылда іске аса қоймайды. Мұнайға қараған күннен аузы күйген мемлекеттер енді бюджеттерін майшаммен бір қарап, барынша қысқартады. Ал ұзақ жоспарда экономикалық дамудың баламалы жолдарын іздестірмек.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ