$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мұнай дәуірі ертерек аяқталуы мүмкін...

AstanaTV
23.01.2016ж. 20:00
2200
Мұнай дәуірі ертерек аяқталуы мүмкін...

Күрдтердің «Пешмерга» жасағының жауынгерін, Ресей тұрғыны мен америкалық шахтерді не біріктіреді? «Азаттықта» жарияланған материалда олардың бәрінің мұнай бағасының төмендеуінен зардап шегіп отырғаны жазылған. Ал көптеген Батыс елдерінің  тұтынушылары үшін мұнайдың арзандағаны тиімді, өйткені олар үйлерін жылытуға, көліктерін жүргізуге азырақ ақша төлей бастайды. Бірақ соңғы онжылдық ішінде мұнайдың ең төменгі бағамен сатылуы бүкіл әлем үшін тосын геосаяси және экономикалық салдары болуы мүмкін.

Герман Греф, «Сбербанк» АҚ президенті, төрағасы:

Егер Қытайды алсақ, 2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында, ал олардың оны іске асыратыны анық,  күн, жел және биоэнергетикадан 230 гегаВатт, гидроэнергетикадан 330 гегаВатт, жиынтығы 560  гегаВатт қуат алады. Бұл Ресейде орнатылған қалпына келетін энергия көздерінен 2,5 есе көп. Ал ең маңыздысы, балама энергия көздерін қарқынды дамытып отырған Қытай дәстүрлі энергия көздерін 45 пайызға азайтады деген болжам бар.  Бұл біз оларға үлкен көлемде жеткізетін көмір, көмірсутегі ресурстары. Яғни дәстүрлі энергия көздерінің дәуірі аяқталуға жақын. Тас дәуірі тастар таусылғасын аяқталған жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі аяқталды деуге болады...

Мұнай бағасының аспандамайтыны ғана емес, мұнай дәуірінің аяқталғанын қазақстандық шенеуніктер түсінетін шығар.  Бірақ «Өзенмұнайгаз» -ға қатысты мына ақпарат біздегі қарама-қайшылықтарға жарқын мысал. «ҚазМұнайГаз»-дың «Барлау және өндіру» компаниясы таратқан ақпарда пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша берілетін жеңілдікті қарамағындағы «Өзенмұнайгаз» мен «Қарамандыбас»-қа сұраған өтініштерінің 2015 жылы қанағаттандырылмағанын жазды. Рентабельдігі төмен немесе пайда мүлдем жоқ компанияларға қарастырылатын салық жеңілдігі 0,65 пайызды құрауы керек. Қазір 13 пайыз. «2015 жылы мұнай бағасының төмен болуынан «Барлау және өндіру» компаниясы операциялық қызметтен 49,4 млрд теңге шығын көрді. Ал мысалы, «Өзенмұнайгаз» мұнай баррелі 65 долларды құрағанда ғана шығынсыз жұмыс істейді» деген таратқан ақпарында.  Мәселені тереңірек ұғу үшін «Астана» арнасы жіберген сауалдарға  «Қазмұнайгаз» Барлау және Өндіру» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары Дастан Абдулғафаров қайтарған жазбаша жауапта -егер салық жеңілдігі берілгенде «Өзенмұнайгаз» 34 млрд теңге үнемдеуші еді- дей келе, аталған компанияда 14 мың адам жұмыс істейтініне тоқталған. Ал салық жеңілдігі берілмеуінің себебін түсіндіре алмайтынын, себебі олардың өздеріне үкімет түсіндірмегенін жазыпты. 

Орал Ақшолақов, Қазақстанның құрметті геолог-мұнайшысы (7-қараша, 2015ж.):

Ембімұнайда 35 кешен бар. Мұнай өндіретін. Солардың бір-екеуі болмаса, соңғы жылдары қосылған, басқаларының экономикасы нашар. Олардың бәрі дотационный. Олрды бірден жауып тастауға жергілікті халық, сол жердің инфраструктурасы, солардың жағдайлары әлеуметтік – жауып тастаса, қиын болады да, мыналардың бәрі жұмыссыз қалады. Олардың негізгі еңбектері тек мұнай өндірісіне байланысты ғана заттар... Егер мұнай барлау жұмысы жасалмаса, ескі кен орындарынын мұнай алу, көбейту мүмкін емес. Ол керісінше, жылдан-жылға төмендей береді.

Яғни еліміздегі кеніштердің көбі көне. Рентабельдік мұнай баррелі 40-50 доллардан жоғары болғанда ғана. Ал «рентабельді емес» деп қалай жауып тастайсың? Мыңдаған адам нан-суын айырып отыр. Бұл шикізатқа байланудың қандай қорқынышты екеніне қорқынышты мысал. Ал бағаның күрт төмендеуі күліп тұрған күннің  тұтылып, аласапыран дауыл басталып кетуімен бірдей. Бірдей? Бірдей емес – себебі аяқ астынан тұрған дауыл кешікпей басылады. Ал экономикадағы дауыл...