Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылының халқы 2015 жылға үлкен үміт артып отыр

AstanaTV
29.12.2014ж. 20:00
1434
Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылының халқы 2015 жылға үлкен үміт артып отыр

Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылының халқы 2015 жылға үлкен үміт артып отыр. Көктемде осы елді мекенде болған апатқа жауыптылардың ісі сотқа жететін күн таяу. Үйін су шайып кеткен отбасылар баспанасын жөндей алмай отыр. Халықтан жиналған қаржы бәріне жетпеген. Су қойма қожайындарына қатысты қозғалған қылмыстық іс те аяқталған жоқ. Кінәлілер анықталмағандықтан, тұрғындар топан судың салдарынан келген шығынды кімнен өндірерін білмей дал.

Шамсудиновтар отбасы 9 айдан бері қираған үйдің бір бөлмесінде тұрып келеді. Баспанасын наурызда су шайып кеткен. Сол кезде арнайы комиссия үйді жөндеуге болады деген шешім шығарды. Ал үйдің едені шіріп, қабырғалары жарылып тұр.  Отбасы өз күштерімен үй тұрғызуға кірісті, бірақ қаражат жеткіліксіздігінен әлі салып біткен жоқ.

Гүлсім Шамсудинова, Көкпекті ауылының тұрғыны:

Комиссия  апат бола сала, «жөндеуге келеді» деген шешімін шығарды. Егер араға біраз уақыт салып тексерсе, пікірлерін өзгертер еді. Асығыстық жасағанның кесірі бізге тиді. 

Наурыздың 30-ынан 31-іне қараған түні Көкпектіде су қоймасының бөгеті бұзылып, 3 жүздей баспананы су шайып кетті. 5 адам бақилық болды. Қаншама мал арам қатты. Үкімет қаза тапқандардың отбасыларына 1 миллион теңгеден көмек берді. Ал, өзгелер су қойма қожайындарынан матариалдық шығын өндіріп алуы керек болатын. Суға жауапты «Шаңырақ» пен «Табиғат» компанияларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ әлі күнге дейін жауапқа тартылған ешкім жоқ. Сол кезде төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко бастаған шенеуніктер су тасқынын ауа райының күрт жылынуымен байланыстырған. 

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі /31.03.2014 ж./:

Күн 18 градусқа дейін жылынды. Тез еріген қар ауылға жеткен. Таудан аққан сел Көкпекті өзеніне келіп құйылды. Бөгет оған төтеп бере алмай қалды. Ал қақпалары ашық тұрған. Күзде де су осы қақпалардан ағылған.

Ал қылмыстық істі қадағалаушы прокурорлардың дерегі экс-министрдің сөзіне қайшы болып шықты. Құзырлы орган бөгет қақпаларының апат кезінде жабық тұрғанын анықтаған.

Ғабиден Жиенбаев, Қарағанды облыстық прокуратурасының арнайы прокуроры:

Бөгет бұзылған кезде қақпалардың жабық тұрғаны анықталды. Сондай-ақ, тергеу барысында қадағалаушы органдар мен су қойманы пайдаланушылар тарапынан да заң бұзушылықтар болған. Су кодексінің бұзылғаны туралы нақты айғақтар бар.

Қазір іс прокурорлардың қарауында. Су қоймасына жауапты «Шаңырақ» агрофирмасы күдікті ретінде қарастырылып отыр. Бұған дейін облыстық сот су қоймасына олардың қатысы жоқ деген шешім шығарған еді. Прокурорлар дерегінше, құжаты заңсыз болса да, серіктестік бөгетке иелік еткен. Жалпы іс бойынша 6 адам күдікті ретінде қарастырылып отыр.

Ғабиден Жиенбаев, Қарағанды облыстық прокуратурасының арнайы прокуроры:

Олардың арасында Көкпектінің әкімі Смайылов, Бұқар Жырау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жантөлековтерге, адам өліміне соқтырған салғырттық - 316 бап бойынша, ал «Шаңырақ», «Табиғат» фирмаларының жетекшілері мен құрылтайшыларына – жауапсыздық - 322 бап бойынша айып тағылды. 

Айжан Қуаш, тілші:

Су тасқынынан кейін апатты жағдайға жеткен 49 үйді үкімет салып берді. Ал, қалған 273 отбасы пәтерлерін елден жиналған қаражатқа өздері жөндеп алуы тиіс еді. Алайда, материалдық көмек мәселені толық шешкен жоқ. Көкпектіде әлі күнге дейін баспаналарын жөндей алмай отырғандар көп.

Жаңа үйге қолы жеткен отбасылардың қуанышы шексіз. Десе де, апат қайталана ма деп қорқады. Бұзылған бөгет бүгінде қараусыз жатыр. Оны енді ешкімнің меншігіне алмасы анық. Сондықтан үкіметтен бір қайыр бола ма деп дәмелі. 

Жаңа жылда үкіметтен осындай су қоймаларды қатаң бақылауда ұстап, қадағаласа деп тілеймін. Біздің басымыздан өткен жағдай ешқашан қайталанбаса екен.

Көкпектіліктер  қаңтарда тергеліп бітеді деген қылмыстық істің нәтижесін күтуде. Халық сот процесінің де ұзаққа созылатынын біледі. Су қойма қожайындарының кінәні бір-біріне тағып, жазадан сытылуға тырысатыны анық. Қалай да, әліптің артын бағудан басқа амал жоқ. Материалдық шығынды оларға кімнің төлейтінін тек сот шешеді.

Айжан ҚУАШ