Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Бас шаһарда тұратын ардагерлер Елбасының қамқорлығына бөленуде

AstanaTV
29.12.2014ж. 20:00
1427
Бас шаһарда тұратын ардагерлер Елбасының қамқорлығына бөленуде

Жаңа жыл қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен басталған ардагерлерді құттықтау науқаны жалғасуда. Еліміздегі 5 мыңнан астам майдангердің барлығына облыс, қала, аудан басшылары өздері барып, Президенттің атынан жылы лебіздері мен тарту-таралғыларын  табыс етуде.

Бас шаһарда тұратын ардагерлер Елбасының қамқорлығына бөленуде. Қала басшысы бастаған топ әрбір майдангердің үйіне барып, көңілдерін бір марқайтты. Атқамінерлер қарт жауынгерлердің тұрмыс-тіршілігімен танысып, қандай көмек керектігін біліп жатыр. Бұл да Елбасының пәрмені. Келер жылдан бастап, үйлері тұруға жарамсыз ардагерлер баспаналы болмақ. Ал тұрғын жайы барларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бақтыбай атаға осыдан 4 жыл бұрын екі бөлмелі  пәтердің кілті табысталған. Бұдан артық сый керек емес дейді өзі.

Бақтыбай Алмабеков,  Отан соғысының ардагері:

Мынандай үйді атамыздың атасы көрген емес. Бұдан артық не керек. Екі бөлмелі үй алдық. Бәрі жеткілікті. Бәрі оңды. Мерекелерде келіп құттықтап отырады. Соның барлығы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы.

91 жастағы қария майданға бастан аяқ қатысып, елге 1950 жылы оралған. Ауыл шаруашылық саласында еңбек етті. Бүгінде 5 баланың әкесі 12 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Жаңа жыл алдында үлкен отбасымен бас қоспақ ниетте.

Ұлы Отан соғысының ардагері Зинаида апай да Елбасының құттықтауларын ыстық ілтипатпен қабыл алды. Соғыс басталарда жасы 15-ке енді толған қыз артиллериялық полк қатарына алынған. Бейбіт уақытта 40 жылдай медицина саласында жемісті еңбек еткен. Әлі де тың қариялар жастарды өжет болуға шақырады.

Зинаида Берниязова, Отан соғысының ардагері:

Бәріңе ұзақ өмір тілеймін. Болашақтарың мол болсын, аспандарың ашық, дұшпандарың мүлдем қашық болсын.  Ешқайсысы сендерге тимейтін болсын. Мендей жауынгер болыңдар!

Астаналық ардагерлер өздеріне деген Президенттің қамқорлығына дән риза. Елбасына қайта-қайта жүрекжарды алғыстарын білдірді. «Бүгінде бас шаһарда тұратын 220 қарт майдангердің ешбірі де назардан тыс қалмайды», - дейді әкімдік өкілдері.

Сәбилә Мұстафина, Астана қаласы  Есіл ауданының әкімі:

Соғыс ардагерлері өте қуанып жатыр. Бізді ұмытпай жатқанына. Елбасының шаруасы көп, ал мінеки бізді ұмытпай, батасын беріп жатыр деп.

Айта өтейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған Отан соғысы ардагерлерін жалпыұлттық қолдау акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасын табуда. Елбасы республикамыздағы 5 мыңнан астам майдангер тек Жеңіс күні ұлықталмай, әрдайым назарда болуын ескертті.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА 






Алдыңғы жаңалық