Петропавл халықаралық әуежайы
мамыр айынан бастап бір айға жабылады. Бұл жайында СҚО жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов баспасөз мәслихатында
хабарлады. Оның айтуынша, ұшып-қону жолағындағы жаңарту жұмыстарын толық аяқтау
үшін бір ай уақыт керек. Ұшақтар жолағының ұзындығын 2800 метр, ал енін 60
метрге дейін кеңейту жоспарда бар. Сондай-ақ, аталған жолаққа түрлі-түсті
шамдар мен навигациялық қондырғы орнатылады.
Мердігерлер былтыр бастаған
күрделі жөндеу жұмыстарын биыл толықтай аяқтауды көздеп отыр. Бұл мақсатқа биыл
республикалық бюджеттен 1 миллиард 900 млн теңге бөлінген. Жоба іске асқаннан
кейін Қызылжар әуежайы ұшақтың кез-келген түрін қабылдай алады, дейді басқарма
өкілдері. Жергілікті атқамінерлер ең алдымен Анталияға тікелей рейстер ашпақ.
Артынша басқа бағыттарды дамытуды көздеп отыр. Әуежай терминалы да жаңармақ.
Бұған ел қазынасынан 1 миллиард 300 миллион теңге қарастырылған.
Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар
көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Ұшып-қону жолағында негізгі
жұмыстар аяқталды. Енді оны тек үлкейту ғана қалды. Мердігерлік компаниямен
келісім жасалған. Жобаны іске асыруға қажет қаражат мөлшері бар. Мердігерлер
жұмысты былтыр бастады. Биыл қыс бойы материалмен қамданып, жөндеу жүргізілетін
орынды дайындады. Енді жақын арада жөндеуді қайтадан қолға алмақ. Жаңғыртуды
биыл бітіретініне сенімдіміз.
Абзал ҚҰРМАНКИН