$498.51 €522.84 ₽4.81
×

2014 жылдың елеулі спорт жетістіктері

AstanaTV
31.12.2014ж. 20:00
1640
2014 жылдың елеулі спорт жетістіктері

Жылқы жылы дүбірлі спорт жарыстарына толы болды. 2014 жылы әлемдік деңгейдегі спорт сайыстарына қатысқан Қазақстан құрамасының спортшылары сенімді толығымен ақтады. Бокстан ерлер құрамасы айды аспанға шығарса, Илья Ильин Алматыда өткен әлем чемпионатында дүйім жұртты таңдай қақтырды. Жерлестеріміздің жеңісі мен жетістігіне қысқаша тоқталсақ. Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады.

2014 жылы Қазақстанда өткен басты спорт сайысы - әрине, ауыр атлетикадан әлем чемпионаты. Бұл салада Қазақстан әлемдік аренада ойып тұрып орын алды. Төрткүл дүние көзтіккен бәсекеде Зульфия Чиншанло, Жасұлан Қыдырбаев және әлем рекордын жаңартқан Илья Ильин ел абыройын асырды.

Биылғы жылы Қазақстанның әйелдер боксы тарихындағы алғашқы алтын медаль ел құрамасының қоржынына түсті. Оңтүстік Кореяның Джеджу қаласында өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген Назым Қызайбай алтыннан алқа тақты.

Кәсіпқой боксқа келсек. Үш тұжырым бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин биыл үш жекпе-жек өткізді. Алдымен Гана спортшысы Осуману Адаманың жігерін құм қылған қарағандылық саңлақ артынан Даниэл Гил мен Марк Антонио Рубионы уақытынан бұрын нокаутпен жеңді.

2014 жыл «Астана» велокомандасы үшін сәтті болды. Астаналық ұжымның жейдесін киген Италия спортшысы Винченцо Нибали дәрежелі «тур де Франс» марафонында топ жарды. Жарыс барысында «Астана» клубының капитаны 4 кезеңде жеңіске жетіп, атақты белгиялық велошабандоз Эдди Меркстің рекордын қайталады.

Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс үшін былғы маусым сәтті болды. Австралия, АҚШ ашық чемпионаттарымен бірге, әйгілі «Уимблдон» турнирінде жоғары деңгейде өнер көрсеткен отандасымыз әлем рейтингінде 33-ші сатыға көтерілді. Бұған дейін мұндай жетістікке бірде-бір қазақстандық теннисші жеткен емес.

Халықаралық аренадағы басты спорт жарысы Ресейде болды. Көршілес мемлекет төрт жылда бір өтетін қысқы олимпиада ойындарын қабылдады. Әлемнің 88 елінен келген 3 мыңға жуық спортшы 98 медаль жиынтығын сарапқа салды. Дүбірлі додаға қатысқан Қазақстан құрамасы қола медальға қол жеткізді. Жалқы болса да, жалпыға ортақ жүлдені құрама қоржынына мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен салды.

Келе жатқан қой жылы да қазақ спорты үшін табысты болатынына сенім мол. 2015 жыл лицензиялық жарыстарға толы. Өйткені араға бір жыл салып, төрткүл дүниенің назары Бразилияда өтетін жазғы олимпиадаға түсетіні белгілі. Спортшыларымызға әрдайым сәттілік жолдас болсын!

Самат ҚАНАҒАТОВ