$499.51 €525.83 ₽4.62
×

2014 жыл кадрлық ауыс-түйістерге толы болды

AstanaTV
31.12.2014ж. 20:00
1291
2014 жыл кадрлық ауыс-түйістерге толы болды

2014 жыл кадрлық ауыс-түйістерге толы болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 6 тамыздағы Министрлер кабинетін қайта құру туралы шешімі - жылдың басты жаңалықтарының бірі болғаны даусыз.

17 министрліктің саны 12-ге кеміді. 9 агенттік, 54 комитет, 272 департамент жұмыс істеп келген. Енді олардан бас аяғы 30 комитет қалып, 9 агенттік таратылып, комитет түрінде министрліктердің құрамына енді. Тың өзгерістер алдымен, әлбетте, экономика саласын дөңгелетіп отырған ведомствоға қатысты өрбіді. Қазақстанда Ұлттық экономика министрлігі құрылды. Оның құрамына Экономикалық даму және бюджетті жоспарлау министрлігі, Өңірлік даму министрлігі мен Статистика және бәсекелестікті қорғау агенттіктері енді. Президент мұнай-газ саласы мен энергетикалық блокты жаңа министрлікке шоғырландырды. Заты өзгермесе де, аты өзгерген ведомство - Энергетика министрлігі болып аталды.

Тарқатып тізбектесек, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері біріктірілді. Индустрия және жаңа технологиялар, көлік және коммуникация министрліктері мен байланыс және ақпарат, ұлттық ғарыш агенттіктерінің құзіреті - жаңа ведомство - Инвестициялар мен даму министрлігіне біріктірілді. Ал мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік - Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы істер бойынша агенттік болып аталды. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік енді Ішкі істер министрлігі құрамында.

Жұрағат БАМАН