Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыдағы сән және дизайн колледжінің бұрынғы мұғалімдеріне қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
17.04.2015ж. 20:00
1309
Алматыдағы сән және дизайн колледжінің бұрынғы мұғалімдеріне қатысты сот отырысы басталды

Алматыдағы сән және дизайн колледжінің бұрынғы мұғалімдеріне қатысты сот отырысы басталды. Бүгін Алмалы аудандық сотына оқу орнындағы жарылысқа күдікті деп танылған үш адам жеткізілді. Алғашқы әскери даярлық пәнінен колледжде сабақ берген мұғалімдерге «заңсыз қару-жарақ сақтау» бойынша айып тағылған еді. Ал граната жарылған сәтте сыныпта оқушылармен бірге болған Ғабит Қарабалаевқа қосымша тағы екі бап негізінде қылмыстық іс қозғалған. Ол «адам өміріне байқаусызда қауіп төндірді» және «өлімге соқтырды»  деген баптар бойынша айыпталды. 

Толғанай Қабанбаева, адвокат:

Қарабалаев қару-жарақтарды өзімен бірге мектепке алып келмеген. Оны тек оқу құралы деп қана пайдаланған. Меніңше, оның кінәсі жоқ. Себебі ол Гавриленко мен Баймолдиновтан осы қаруларды арнайы акт толтырып, ешқашан қабылдап алмаған.

Өткен аптада соттың алдын-ала тыңдалымында зардап шеккен оқушылардың туыстары, педагогтың қасақана жасамағанын айтып, қорғаған. Алайда бүгінгі сот отырысында жәбірленушілер медициналық көмекке зәру екендерін айтып, шағымданды. «Соңғы кездері колледж әкімшілігі денсаулығына зақым келген тәлімгерлеріне қолдау көрсетуді доғарды. Кейбір оқушылардың жадында сақтау қабілеті әлсіреп, сабаққа деген зейіні төмендеп кетті», - дейді ата-аналар. 

Светлана Жақыпбаева, жәбірленушінің анасы:

Бізге балаларымыз үшін медициналық көмек әлі де қажет. Міне, 5 ай өтті. Бастапқыда көңіл бөлді. Қазір бізді ұмытып кетті. Өз қаражатымызға емдетіп жатырмыз. Толықтай тексеруден өткізу үшін, ауруханаларда сарылып кезек күтеміз. Сондықтан сотталушылардан іс біткен соң материалдық-моральдық тұрғыдан өтемақы талап етеміз.

Айта кетейік, Алматы сән және дизайн колледжінде өткен жылы 17 қарашада РГД-5 гарантасы жарылып, оның салдарынан 12 оқушы жараланып, тағы бір тәлімгер қаза тапқан-ды. Құқық қорғау органдары осы оқу орнындағы алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімін және оған дейін жұмыс істеген екі ұстазды да күдікті ретінде қамауға алып, айып тақты.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ



{+