$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Бензин арзандады. Ал такси құны ше?

AstanaTV
06.01.2015ж. 20:00
1131
Бензин арзандады. Ал такси құны ше?

Бензин бағасы бірден 16 теңгеге түскенмен, такси құны әлі бұрынғыша. Әшейінде жалақы мен жанар - жағармай бағасы көтеріле қалса, бағасын өсіре қоятын такси қызметі нарықта өзгеріс бола тұра, тарифті түсірмегені - тұтынушының наразылығын тудырады. Тілшіміз Тоғжан Жалғасбекқызы Астанадағы және өңірлердегі ахуалды салыстырып, арзаншылық такси қызметтеріне неліктен әсер етпегені себебін түсінуге тырысты.

Соңғы бір айда Қазақстанда ең көп тұтынатын бензин бағасы екі рет арзандады. АИ-92 115-ке, сосын 109 теңгеге тағы түсті. Алайда, бұл қызмет түрлерінің бағасына өзгеріс әкеле қоймады. Мысалы, қалалық такси қызметтері арзандауды тіпті елемегендей.

Ерден Құнанбаев, такси компаниясы сату бөлімінің басшысы:

Такси бағасы қазіргі бізде ғана емес, басқа таксилерде де арзандаған жоқ та, қымбаттаған да жоқ. Өйткені қазіргі мұнай бағасының арзандауы-қымбаттауына байланысты әлі ешкім көтерген де, түсірген де жоқ. Сол үшін бір қалыпта қалып қалды.

Аймақтардағы жағдай да дәл осындай. Жанар-жағармай бағасының арзандауы ақтөбелік такси қызметінің құнына ешқандай әсер етпеді. Жергілікті жүргізушілер бұрынғы бағамен қызмет етуде. Шаһардағы көптеген тасымалдаушылар бір реттік қызметін 400-600 теңге аралығында бағамдайды.

Айнұр Қалымбетова, такси қызметінің әкімшісі:

Осыдан 7-8 жыл бұрын 300 теңге болатын. Бензин құнының көтерілуіне байланысты, бүгінде 600 теңгеге жетті. Ал соңғы уақытта жанар-жағармай құны түскенмен, такси бағасын төмендетпейміз.

Кіп-кішкентай қала Тараздың өзінде такси компаниялары сұйық отынмен санасып отырған жоқ. Бүгінгі таңда қала тұрғындары 6 такси компанияларының қызметін пайдаланады. Қала ішіндегі қатынау құны - шамамен 600 теңге. Яғни Астана мен Тараздың бағасы бірдей. Бұл да бір сенсация.

Виктор Тю, такси компаниясының басшысы:

Орташа баға - 500-600 теңге. Бір таксиім бір күнде 10 рейс жасап, 5000 теңге тапса, оның 15 пайызын маған береді. Өзінің ас-ауқаты бар. Бензин түскенімен, одан таксистке 25-ақ теңге пайда түседі. Ол ақша ма? Сондықтан бағаларымыз бұрынғысынша қала береді.

Қостанайда да такси қызметінің бағасы өзгеріссіз.

Оксана Носик, аға диспетчер:

Былтыр қараша айында жанар-жағармай құны күрт көтерілгенде, такси қызметінің құны сол қалпында қалды. Яғни қаладағы тасымалдаушы компаниялардың көбісі бағаны көтерген жоқ. Өйткені қарапайым халық артық ақша төлеуге наразы болар еді. Сондықтан қазіргі бензин бағасының арзандауы такси қызметіне еш әсерін тигізбеді.

Жанармай бағасының арзандауы ресми емес, көшеден жол-жөнекей алып кететін такси жүргізушілерінің де жолақысына әсер етіп жатқан жоқ. Тек кейбір көлік жүргізушілері ғана жомарттық танытуы мүмкін.

Астанаға келіп, такси шақырта қалсаңыз, орташа баға 600- 800 теңге. Ал көшеден ұстасаңыз, бір бағытқа кем дегенде 500 теңге төлейсіз. Сондықтан «бензин бағасы түсті, ал такси неге әлі қымбат» деген тұрғындардың сұрағы орынды сияқты. Бірақ такси қызметін көрсететін компаниялар такси құны қымбаттамаса, арзандамайтынын ашып айтты.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ