Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астанда өтуі тиіс «норманд төрттігінің» кездесуіне кімдер келеді?

AstanaTV
06.01.2015ж. 20:00
1041
Астанда өтуі тиіс «норманд төрттігінің» кездесуіне кімдер келеді?

Астанда өтуі тиіс «норманд төрттігінің» кездесуіне кімдер келеді? Әлемдік ақпарат құралдары дәл қазір осы сұрақты қызу талқылауда. Ангела Меркельдің өкілі Штеффан Зайберт келіссөздің өтер-өтпесін растамады. Жоққа да шығармады. Алдағы саммит туралы 28 желтоқсанда Украина президенті Петр Порошенко атап өткен. Ал күні бұрын Берлинде «норманд» форматында тараптардың алғашқы кездесуі өтті. Сондай-ақ 9 қаңтарда аталмыш мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кездеседі деп күтіледі. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.  


Астанада өтуі тиіс саммит - жыл басталмай жатып, қызу талқыға түскен тақырыптардың бірі. Бүгін АҚШ мемлекеттік департаменті төрттіктің кездесуін «прогресс» деп бағалады. Ал Франция басшысы кеше Астанаға, Украинадағы шиеленіс шынымен шешілсе ғана, келетінін мәлімдеді. Былтыр жыл соңында Қазақстан Президенті арадағы дүдараздықты доғару үшін, адал менеджер болуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «бір-бірін тығырыққа тіреу тиімсіз тәсіл екендігін» сан мәрте ескерткен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті (5.12.2014ж):

Мен ешкімге адвокат болғым келмейді оның ішінде Путинге де. Бірақ объективті бағасын берсек, Украинадан кейін Ресей «көктемін» ұйымдастыруға ұмтылу соңы «Қырым көктемімен» аяқталды. Ресейдің күш-қуатын елемеуге болмайды. Ол -аумағы ең үлкен және жеткілікті байлығы бар ел. Санкциядан, әрине, табысы төмендер. Бірақ елде газ бен мұнай бәрібір қалады. Дағдарыстар ұзаққа созылған емес. Кез келген соғыс соңы бейбітшілікпен аяқталады. Сондықтан бірін бірі тығырыққа тығу - жақсы емес.

Осы мәлімдемеден соң әлемдік ақпарат құралдары Астананың рөлі туралы жарыса жазды. Мәселен, француздық Le Figaro: «Назарбаев Олландтың Путинмен кездесуіне ықпалдасты», - деп хабарлады. Астанадан бірден Ресейге аттанған Франция президенті Внуково әуежайына жоспардан тыс аялдағаны белгілі. Журналистер, Ресей басшысы ол кезде «Мистарльді» жеткізу сияқты жанды сұрақты қозғамағанын, атап өтті. Сарапшылар болса, бұл да біраз нәрсені меңзейді деген ойда.

Франсуа Олланд, Франция президенті (5.12.2014):

Біз Путин, Порошенко, Меркельмен бірігіп, ушыққан жағдайды реттеуді бастауымыз керек. Алдымен әңгімеміз жарасып кетсе, содан соң Украина аумағындағы түйткілді шешуге көшуіміз керек. Мен үнемі диалогқа ұмтыламын және Франция мүдделі тараптарға кездесуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Күні бұрын France Inter Radio-ға берген сұхбатында да Олланд осы ойын тағы қайталады. 15 қаңтарда Астанада өтетін кездесу нәтиже берсе, келетінін айтты.

Франсуа Олланд, Франция президенті:

Егер Ресейде дағдарыс болса, бұл Еуропаның да жағдайы мәз емес деген сөз. Мен Ресейге қарсы санкциялар тоқтатылуы керек деп есептеймін. Украинадағы жағдайды шешу үшін, оны алып тастау керек. Мен 15 қаңтарда Астанаға жағдай шынымен оңалады деген шартпен ғана барамын.

Алдағы кездесудің қандай нәтиже берері жетекші саяси тұлғаларға тікелей тәуелді. Әрине, құр сөзден гөрі, нәтижелі келісім болғанын бәрі қалайды. Францияға қарағанда, Германияның позициясы құбылып тұр. Ангела Меркельдің өкілі Штеффан Зайберт канцлердің келіссөзге қатысатыны туралы шешімді растамады. Сарапшылар, әлемдік лидерлер мүмкіндікті жібермеуі тиіс, деп есептейді.  

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ