$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Жарылыстан жапа шеккен қарағандылықтарға кәсіпкерлер көмектеседі

AstanaTV
25.01.2016ж. 20:00
1647
Жарылыстан жапа шеккен қарағандылықтарға кәсіпкерлер көмектеседі

Қарағандыда жарылыстан зардап шеккен отбасыларға қала әкімдігі көмектесетін болды. Қазір құрылысшылар көпқабатты үйді жөндеу үшін апат орнын тазартуға кірісті. Өткен сенбі күні тұрмыстық газ баллоны атылып, бірнеше пәтер тұруға жарамсыз болып қалды. Апаттан 6 жастағы бала мен ерлі-зайыптылар зардап шегіп, қазір ауруханада жатыр.

Жарылыс өткен сенбі күні күндіз Пришахтинск ықшам ауданындағы 8-інші үйде болған. 11-інші пәтерде тұрмыстық газ баллоны атылып, жастары 40-тар шамасындағы ерлі-зайыптылар күйіп қалған.

Берік Төлеубаев, Қарағанды облыстық Х.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығы директорының емдеу істері бойынша орынбасары:

Екі науқас: біреуі 90 пайыз күйікпен, біреуі - 37 пайыз. Қазір жағдайлары тұрақты, ауыр. Реанимация бөлімшесінде. Ертең перевязка жасаймыз, бірінші перевязкадан кейін белгілі болады.

Жарылыс болған үймен көрші тұратын әжей Нина Сверидова, болған жайттан әлі есін жия алмай жүр. Айтуынша, көз алдында 6 жасар немересіне қабырға құлаған. Бетон астындағы баланы құтқарушылар шығарып алған.

Нина Сверидова:

Бұл сұмдықтың бәрі көз алдымда болды. Гүрс еткен дыбысты естіген немерем, «әже соғыс басталды» деді. Дәлізге шығып едік, ештеңе сезілмеді. Кенет жатын бөлмеге кіргеніміз сол-ақ еді, қабырғалар гүрс етіп құлап түсті.

Қатты соққыдан баланың миы шайқалып, сүйектері бірнеше жерден сынған. Балаға облыстық медицина орталығында шұғыл көмек көрсетіліпті. Оған тағы бірнеше ота жасау жоспарланып отыр.

Айжан Қуаш, тілші:

Жарылыстың күштілігі сонша, бірден 7 пәтерді қиратып кетті. Үйлердің төбелері опырылып, қабырғалары құлап түскен. Құрылысшылар жапа шеккен отбасылардың саны одан да көп болуы мүмкін деп болжайды. Өйткені арнайы сараптамалар жасалған жоқ. Әзір апаттың орнын тазарту жұмыстары ғана жүріп жатыр. 

Пәтерлері қираған тұрғындар қазір туыстарын жағалап жүр. Оларға қалалық әкімдіктің бастамасымен жергілікті кәсіпкерлер көмек қолын созатын болды. Адамдарға құрылыс материалдары мен жұмыс күші тегін берілді.

Дүйсенкелді Қасымов, Қарағанды қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

Бизнесмендер көмектеседі. Бюджеттен ешқандай ақша бөлінбейді. Біреу кірпіш, біреуі цемент, кейбіреуі жұмыс істейтін адамдар береді. Жұмыскерлерге жалақыны да өздері төлейді.

Жергілікті атқамінерлер 5 қабатты үй 10 күннің ішінде жөнделіп бітеді деп сендірді. Оған дейін апат себептері де анықталмақ. Әкімшіліктегілердің айтуынша, зардап шеккен тұрғындар келген шығынды жарылыс болған пәтер иелерінен өндіріп алуға құқылы.

Алайда, денелерінің көп бөлігі күйіп кеткен ерлі-зайыптылардың беті қашан бері қарары белгісіз.   

Айжан ҚУАШ