Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

БҚО-дағы Берез ауылы тұрғындарына қатысты дәрігерлік тексерудің қорытындысы мәлім болады

AstanaTV
08.01.2015ж. 13:00
942
БҚО-дағы Берез ауылы тұрғындарына қатысты дәрігерлік тексерудің қорытындысы мәлім болады

Белгісіз газдан уланған Батыс Қазақстан облысындағы Берез ауылы тұрғындарына қатысты дәрігерлік тексерудің алдын-ала қорытындысы мәлім болды. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, 1 357 адам медициналық тексеруден өткен. Олардың 300-ден астамы балалар. Дәрігер көмегіне жүгінген ауылдықтардың тең жарымының науқас екендігі мәлім болды. Жергілікті халықтың  30 пайызының тыныс жолдары ауырса, 21 пайызы қан-тамыры жүйесі, 14 пайызы  ас қорыту жүйесінен кінәрат табылыпты. Сонымен қатар, жүйке жүйесі сыр бергендер де бар.

Бүгінде мұнда кардиология мен ішкі аурулар институтының мамандары мен педиатрия институтының дәрігерлері жұмыс жасауда. Алдағы уақытта балалар кардиологы, невролог пен қосымша педиатр секілді мамандар да тартылмақ. «Дегенмен, тексеру жұмыстарының толық нәтижесі 20 қаңтар күні белгілі болады», - деді облыстың денсаулық сақтау департаменті. 

Айта кетелік, 28 қараша күні Батыс Қазақстан облысындағы Берез ауылында 28 оқушы мен 4 мұғалім сабақ үстінде әлсіреп, ауруханаға түскен еді. Аяқ-қолы жансызданып, басы айналған олардың белгісіз газдан уланғаны расталды. Осыдан кейін арнайы штаб құрылып, қылмыстық іс қозғалды. Ал ауыл халқы бұл жағдайға ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәлап отыр. Прокуратура да оқыс оқиға болған күні кеніште ауаға газ таралғанын растаған еді. 

Еркін КАРИН