Қостанайда 7 жасар Виктория Ганяны аса
қатігездікпен өлтірді деген күдіктіге қатысты алдын-ала сот тыңдалымы басталды.
31 жастағы қала тұрғыны Денис Лесниковқа бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр.
Тергеу материалдары бойынша, әу баста күдіктіден психикалық ауытқушылық
байқалған, дегенмен қылмыстық істі зерттеу барысында оның жауап бере алатындығы
анықталды. Сот барысы алқа билерсіз өтетін болды. Негізгі сот талқылауы қаңтардың
26-сы күніне белгіленді. Заңғар Санай толықтырады.
Дүйім
жұртты дүр сілкіндірген 60 томдық аты шулы істі бүгін қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданарлық сот судьясы қарауға кірісті. Алғашқы тыңдалым жабық деп жарияланды. Алайда тілшілерге 5 минут
түсірілім жасауға мүмкіндік берілді. Бұдан кейінгі отырыстар түгел жабық түрде
өтеді. «Тек сот үкімі шығатын күн ашық болады», - деп мәлімдеді сот
төрағасы.
Асылбек Жұмағұлов, Қостанай облысы қылмыстық
істер жөніндегі ауданаралық соты төрағасы:
Жабық түрде өтеді. Қазір негізгі сот отырысының
басталатын уақыты белгіленеді. Ал сот үкім шығаратын күн ашық деп жарияланады.
Сот залына айыпталушыны бір топ полицей мен
арнайы күзетшілер жасағы алып кірді. 31 жасар Денис Лесников бұрын ұрлық-қарлық
жасағаны үшін сотталған. Ол бұл жолы 12 ауыр
қылмысты мойнына алып отыр. Солардың ішінде 7 жасар Виктория Ганяны аса
қатігездікпен өлтіру фактісі бар.
Шолпан Қасымова, Қостанай облысы қылмыстық істер
жөніндегі ауданаралық соты баспасөз хатшысы:
Ол 96,175,121,120 баптар бойынша айыпталып отыр.
5 ұрлық, 3 зорлық, 4 кісі өлтіру фактісі бойынша, барлығы 12 бап.
Еске сала кетейін, 1 сынып оқушысы өткен жылы
сәуірде Рудный қаласында жоғалып кеткен болатын. Оны іздестіруге мыңдаған
еріктілер, жүздеген әскери бөлім сарбаздары және полицейлер жұмылдырылды. Бірақ бір
айдан соң кішкентай қыздың мүрдесі табылды.
Оның өліміне қатысы бар деген күдікпен бірнеше
адам ұсталды. Алайда ұрлық жасау барысында қолға түскен қостанайлық Денис
Лесников қаршадай қыздың өлімін мойнына
алған.
Заңғар САНАЙ