Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

БҚО-ның Березовка ауылының балалары тағы да естен танып құлаған

AstanaTV
09.01.2015ж. 20:00
1087
БҚО-ның Березовка ауылының балалары тағы да естен танып құлаған

Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады. Белгісіз газдан уланып ем алу үшін шипажайға аттанған Батыс Қазақстандағы Березовка ауылының балалары тағы да естен танып құлаған. Бұл жағдай Ақжайық шипажайында орын алыпты. Ата-аналар бұл жайында мекеме басшылығынан хабар алысымен, балаларын жедел түрде үйлеріне кері алып кеткен. Мұндай ақпаратты арнамыздың аймақтағы тілшілеріне жол бойында жолыққан ата-аналар айтты. Олардың сөзіне сенсек, балалар емделіп жатқан шипажайдың бүгінгі жағдайы мәз емес. 

Қарлығаш Сапиева, Березовка ауылының тұрғыны:

Кеше ауырып қалғанын, жаңа айтып тұр, одан бұрын қандай болғанын білмеймін ғой. Жаңа жылайды, бармаймын мен дейді, мен шаршадым, демалғым келеді менің дейді. Бір ай бойы, бүкіл желтоқсан бойы ауруханада жатып шықты, анда қуды, мында қуды. Анемия деп диагноз қойды, бірақ енді оған сенбеймін ғой. Гемоглобині қазір 115, бірақ сонда да құлап тұр ғой. Енді ол анемиядан емес қой.

Наталья Щербинина, Березовка  ауылының тұрғыны:

Менің қызым да екі рет есінен танып құлаған. Кейін бізге хабарласып, балаларыңды тез алып кетіңдер деп ұрысты. Ал шипажай директоры, тезірек келмесек, баламызды жындыханаға жіберетінін айтып қорқытты. Олардан еш қайыр болмағасын, үйге кері алып кетуге мәжбүр болдық.

Балалар ата-аналарына жаңа жылдық шырша тойы кезінде тағы бірнеше оқушының ес-түссіз құлағанын айтқан. Ал облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Березовка ауылы тұрғындарының тең жарымы науқас болып шықты. Олардың басым бөлігі тыныс жолдары ауруына шалдыққан, арасында қан айналымы мен ас қорыту жүйесінде кінәраты бар тұрғындар да табылды.

Дегенмен, тексеру жұмыстарының қорытындысы 20 қаңтар күні шығады. Қазір осы іспен ІІМ арнайы тергеу комитеті айналысуда. Сонымен қатар, ауа мен судан 2 мыңнан астам сынама алынып, қалыпты жағдаймен сәйкестігі тексерілді. Ауыл тұрғындары балалардың улануына Қарашығанақ кенішін кінәлаған. Прокуратура өкілдері де сол күні кеніште газ шығарылғанын растады.

Еркін КАРИН 

Алдыңғы жаңалық