Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Дакар» марафонында Айдын Рахымбаевтың экипажы жалпы есепте 10-орынды сақтап тұр

AstanaTV
09.01.2015ж. 20:00
1216
«Дакар» марафонында Айдын Рахымбаевтың экипажы жалпы есепте 10-орынды сақтап тұр

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында теннистен халықаралық турнир жалғасуда. Дәрежелі жарыста сынға түскен қазақстандық теннисші Зарина Дияс жартылай финал жолдамасынан құр қалды. Ширек финалда отандасымыз  Аспан аты елінің өкілінен екі сетте ұтылып қалды. Өзге де спорт жаңалықтары Самат Қанағатовтың топтамасында.



«Дакар» марафонының 5-кезеңі Чили мемлекетінің Копьяпо және Антофагаста қалаларының арасында жүрді. Жол талғамайтын көліктер жарысында сынға түсіп жатқан Айдын Рахымбаевтың экипажы межелі жерге 15-ші болып жетті. Бұл кезеңде командалар жалпы саны 700 шақырымды бағындырды. «Мини» көлігін мінген қазақстандық ұжым соңғы 200 шақырымда дәрежелі жарыстың жеңімпазы испаниялық Карлос Сайнспен бәсекеге түсті. Бірақ атақты спортшының көлігі қауіпті учаскенің бірінде аударылып, жүруге жарамсыз болып қалды. Спортшылар дін аман. Ал соңғы шақырымдардағы қиындықтарға қарамастан, Айдын Рахымбаевтың экипажы жалпы есепте 10-орынды сақтап қалды. «Тойота» көлігін мінген Бауыржан Исабаевтың экипажы жарыс барысында екі мәрте дөңгелек айырбастап, біраз уақыт жоғалтты. Салдарынан екінші қазақстандық команда мәреге 28-ші уақытпен келіп, жалпы есепте 21-орынға тұрақтады.

Ауыр жүк көліктер жарысында ел намысын қорғап жатқан Артур Ардавичустың экипажы межелі жерге түн ауа жетті. Оған себеп қауіпті учаскелердің бірінде Колумбия спортшысы Матео Морено Кристиансен жол апатына ұшырады. Мотоспортшының ауыр жарақат алғанын байқаған қазақстандық ұжым бірден көмекке келді. Олар жарыс ұйымдастырушыларымен хабарласып, оқиға орнына тікұшақ жеткенше, Кристиансеннің қасында болды. Осы аралықта кеткен уақыт «Астана» командасына қайтарылды. Қазіргі уақытта Артур Ардавичустың экипажы жалпы есепте 19-орынға табан тіреді.

Самат ҚАНАҒАТОВ