Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Оңтүстік Қазақстанда үйі сүрілуі тиіс 10 шақты тұрғын наразылық білдіруде

AstanaTV
09.01.2015ж. 20:00
1721
Оңтүстік Қазақстанда үйі сүрілуі тиіс 10 шақты тұрғын наразылық білдіруде

Оңтүстік қазақстандық бір топ тұрғын мұнай тасымалдаушы алпауыт компаниямен соттасып жатыр. Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылының тұрғындары әбден әуре-сарсаңға түскенін айтып ашынады. Даулы істі қараған аудандық сот оны талапкер «ҚазТрансОйл» АҚ-ның пайдасына шешкен. Ал тұрғындар «құжатымыз заңды» деп отыр.  Сот «бұзылсын» деп шешім шығарған үйлердің иелері енді кімге жүгінерін білмейді. Істің мән-жайын Айзада Төребекқызы анықтап көруге тырысты.

Жергілікті тұрғындар мен ірі компания арасындағы дауға себеп болған - жер астынан өтіп жатқан мұнай құбыры. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның талабына сәйкес, тұрғын үйлер мен қауіпті аймақтың арасы 75 метрден кем болмауы тиіс екен. Қазір осы себепті Шұбарсудағы 11 үйге бұзылу қаупі төніп тұр.

Бұзылуы тиіс үйдің бірі - Бахадүр Құлиевтің баспанасы. Оның шаңырағы, қазіргі есеп бойынша, түгелімен қауіпті аймаққа кіреді. Өйткені үй құбыр өткен аумақтан бар болғаны 63 метр алшақ орналасқан. Бірақ ол: «Барлық құжатым заңды, сондықтан сот мені жақтайды деп сеніп келдім»,- дейді.

Бахадүр Құлиев, Шұбарсу ауылының тұрғыны:

Мен мұндай шешім күткен жоқпын. Сот менің пайдама шешеді деп күткем, құжаттарым барлығы заңды. Ал менде апелляциялық шағым түсіруге бір күн ғана уақытым болды. Барсам, «сіз кеш қалдыңыз» деп тұр. Өйткені сот шешімі он бір күннен соң әкеп берілді маған. Онда да көршіме тастап кетіпті. Мен бұл шешіммен келіспеймін, бұлары негізсіз.

Бұл ауылда тағы он отбасы күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылған. Қай күні «баспананы бұзамыз» деп кеп қалады деп, сары уайымға салынып жүр. «Павлодар -Шымкент» магистральді мұнай құбыры өткен аумақтағы белгілерге сүйенген шұбарсулықтар ол белгінің қорғау аймағы 25 метрді көрсетіп тұрғанын алға тартады. «50 метр ара қашықтықта үй салуға болады дегенге сеніп, әкімдіктің шешімімен жер алғанбыз», - дейді мұндағы жұрт.

Әмит Үсенов, Шұбарсу ауылының тұрғыны:

1997 жылдан бері қарай тұрам. Кезінде 97-де  маған ГосАКТ-ге қол қойып берді. Не үшін қол қойып берді, сол кезде мынау не положено деп, қол қоймай қоймайды ма? Қайда барам мен бес бала-шағаммен. 

Айғаным Тоғабаева, Шұбарсу ауылының тұрғыны:

Осы жерде сонша халықтың тамын бұзғанша, мына кабельді алып, арғы бетке өткізбей ме. Ол жақта ел де жоқ, басқа да жоқ трассаның арғы бетінде. Қазақстанның несі көп - жері көп, мұнайы көп. Келіп титімдей халықты шырылдатып қыстың ауасында.

Ресми мәлімет бойынша, Шұбарсуда 173 учаскеге нысан салынбауы тиіс. Оның он бірінде баспана бар. Өзгесі бос жатыр. Осыны айтқан ауыл әкімі Жанғозы Самбетов өздері тарапынан ешқандай заңсыздық болмағанына сенімді. Айтуынша, ол жерлер 2005-2006 жылдары беріліп, барлық құжаты заңды түрде рәсімделген.

Жанғозы Самбетов, Шұбарсу ауылдық округінің әкімі:

Ол кезде «КазТрансОйлдың» трубасына 50 м боп есептелген. 50 метрден кейін адамдар алып, үй салып, барлық жағдайын жасаған. Енді кейін келіп бұлар «заң өзгерді, енді 75 м» деп  қазір халықты қинап, сотқа беріп үйіңді бұздырамыз деп соттан шешім шығарып отыр. Егер жер аламын дейтін болса, сол кісілерге Бадам ауылдық округінен  алып беруге дайынбыз.

Мырзабек Жорабеков, «ҚазТрансОйл» АҚ өкілі:

Ол кісілер жер учаскесін берер кезде, комиссия болады ғой, жер комиссиясы, сол жерде ол кісілер сол норманы қолданысқа енгізіп қарау керек еді. «ҚазТрансОйлға» берілген норма емес қой, ол бүкіл ҚР-на берілген норма. Ереже. Сол ережеге сәйкес 75 метрмен 150 метрге дейін ары беру керек еді жер телімдерін.

Тұрғындар тірнектеп жиған дүниесінен бір күнде айрылуы мүмкін. Баспанасы бұзылған күнде оларға өтемақы төлене ме, жоқ па ол жағы да нақты емес. Сотта бұл мәселе назардан тыс қалғанға ұқсайды. Әкімдіктегілер тек өзге аумақтан жер телімін беруге ғана уәде беріп отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ