Петропавлда біршама дауға арқау болған жатақхана
бөлмелеріне қатысты сот шешімі шықты. Еске салайық, қалалық әкімдіктің
иелігіндегі баспаналарды заңды түрде сатып алған 4 қызылжарлық азаматтың далада
қалу қаупі туындаған. Біз бұл жайлы өткен жаңалықтарымыздың бірінде айтқан едік.
2012 жылы
қалалық әкімдіктің заңгері Жанат Рахметов әкімдік меншігіндегі жатақхананың 4
бөлмесін жекешелендіріп, тұрғындарға 9 мың доллардан сатқан. Артынша пәтердің
жаңа иелері оның заңсыз сатылғанын анықтады. Ал қаржы полициясы заңгердің ісін
алаяқтыққа балап, бас бостандығынан айырды.
Бірақ тұрғындардың мәселесі мұнымен
шешілген жоқ. Билік тарапы пәтерлерді қайтарып алмақшы болып, алаяқтың арбауына
түскен жұртты сотқа берді. Сөйтіп, 3 айға созылған сот процесінің нәтижесінде
баспана тұрғындардың иелігінде қалатын болды.
Динара Байқазова, Петропавл қаласы №2 сотының судьясы:
Жанат Рахметовтың әкімдікке тиесілі жатақхана
бөлмелерін жекешелендіруі заңсыз деп табылды. Ал тұрғындардың пәтерлерді сатып
алу туралы келісімшарттары өз күшінде қалсын. Демек, жатақхана бөлмелері
тұрғындар иелігінде қалады. Соттың шешімі 15 күннен кейін өз күшіне енеді.
Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған
тұрғындар соттың шешіміне дән риза. Олар тірнектеп жинаған қаражаттарының ауаға
кетпегеніне қуанышты. Алайда, тұрғындар жергілікті билік 15 күннің ішінде апелляциялық сотқа шағымдана ма
деген күдік басым екендігін жасырмады.
Бауыржан Бекішев, пәтер иесі:
Бізге қалдырған секілді. Біз енді қуаныштымыз
жартылай. Енді акиматқа байланысты, акимат апелляцияға бермесе, онда бөлме біздің атымызда қалатын болды. Соған қуанышты болып тұрмыз енді. Әрі қарай көреміз. Өзіміздің ақшамыз
қолымызда қалатын болды.
Абзал ҚҰРМАНКИН